Бүгінгі таңда Сырдария ауданында
3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуы 95 пайызды құрап отыр.
С.Сейфуллин, Қоғалыкөл ауылдарында жаңадан балабақша және Қалжан ахун
ауылындағы балабақша қайта жаңғыртудан өтеді. Бұл нысандардың құрылысы
аяқталған кезде ауданда балабақша мәселесі толықтай шешімін табады. Облыс әкімі
Қ.Көшербаев Сырдария ауданына сапары барысында ауылдардағы әлеуметтік
нысандардың жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті.
Айдарлы, Іңкәрдария ауылдық округ
әкімдіктерінің ғимараттары жаңадан салынып, А.Тоқмағамбетов ауылдық округі
әкімі аппаратының ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Әкімдіктің қызметкерлері бұрын ескі ғимаратта
жұмыс жасады. Онда жұмыс жасауға мүмкіндік болмайтын. Енді жаңа ғимаратқа
көшкен қызметкерлер, ауыл тұрғындарының мәселесін оңды шешілуіне ықпал етпек.
Әкімдік
ғимараттарын аралап көрген кейін аймақ басшысы ІІ топ мүгедегі Айдана
Сейітсұлтанқызымен кездесіп, жұмысына сәттілік тіледі. Айдана Айдарлы
ауылындағы тігін цехында жұмыс жасайды.
– Қазір көп нәрсе үйрендім. Өзім кесте тігіп,
түрлі оюлар жасаймын. Енді компьютердің тілін меңгеруге машықтанып жатырмын.
Болашақта дизайнер атанып, өз кәсібімді бастасам деген жоспарым бар. Өзім
секілді мүгедек жандарды тігіншілікке үйреткім келеді, - дейді Айдана
Сейітсұлтанқызы.
Жетікөл және
Қоғалыкөл ауылдарында жаңадан ауылдық клуб салынды. Мәдениет ошақтарында түрлі
үйірмелер жұмыс жасауда. Ауылдар аядай ғана болғанымен мұнда өнерлі жастар
жетерлік. Бірақ солардың талантын ұштайтын клубтың болмауы қиындық туғызған.
Қос ауылда да бұл мәселелер оңды шешімін тапты.
Аманкелді ауылдық ауруханасының күндізгі
бөлімі 5 орынға, тәуліктігі 10 орынға арналған. Ауыл халқының санының артуына байланысты ауруханаға 2013 жылы
стационар статусы қайтарылып берілді. Қазір ауылда 2842 халық тұрады. Бұл жерге
тіпті көрші ауылдардан да келіп, ем қабылдаушылардың қатары артып отыр.
Тұрғындар ақхалаттылардың қызметіне дән риза. Ал Бесарық ауылының
тұрғындары бұрын басы ауырып, балтыры сыздаса аудан орталығына баруларына тура
келетін. Бұл мәселе оңды шешімін тауып, жаңадан амбулатория салынды. Ғимарат
соңғы үлгідегі медициналық технологиямен
жабдықталған.
Жалпы, ауылдарды абаттандыру жұмыстары
қарқынды жүргізілуде. Мұнда аудан орталығынан асып түсетін Н.Ілиясов, Бесарық,
Шаған секілді ауылдар бар. Енді олардың қатарына Шіркелі ауылыда қосылмақ.
Қазір орталық көшелер жөнделіп, жарықтандырылды. Абаттандыру жұмыстары қарқынды
жүргізілуде.
Аудан диқандары көктемгі дала
жұмыстарына кірісіп кетті. Егін егуге техникалары толық дайын. Аймақ басшысы
«Шаған жер», «Ақжарма-2» шаруа қожалықтарының жұмыстарын көрді. Бұл салада
ауданда тың жобаларда көп. Бір ғана Ақжарма ауылында сүт зауыты, құрама жем,
мал бордақылау, ірі қараға арналған аңғар салу жоспарлануда.
Аудан орталығында да жағымды жаңалық
бар. Бұрынғы жер
комитетінің ғимараты қайта жөндеуден
өткізіліп, ғимаратқа «Достық
үйі» мен Үкіметтік емес ұйымдар орталығы орналастырылды. Яғни, бұл
ғимаратта ассамблея мүшелері, аудандық ардагерлер Кеңесі, аудандық әйелдер
Кеңесі, «Сырдария» қоғамдық қоры, аудандық мүгедектер қоғамы, ассамблеяның аудандағы өкілі, «Жас Отан»
жастар қанаты, «Мирас» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігі, «Халықаралық
«Қазақ тілі қоғамы» жұмыс жасайды.
Аймақ басшысы Қ.Көшербаев сапар барысында ауданның барлық
ауылында болып, тұрғындармен кездесті. Ұсыныс-пікірлер тыңдалды.