Ресей Федерациясында жалда тұрған
25 мың шаршы метр жерді қайтарып алуға байланысты алдын-ала келісім жасалды.
Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі
Қ.Көшербаевтың Байқоңыр қаласына жұмыс сапары барысында Федералдық ғарыш
агенттінің төрағасы И.А.Комаровпен кездесуінде мәлім болды.
Мәселе оңынан шешілсе, бұл жердің
3579 гектары Төретам кентіне беріледі. Оның 184 гектары жаңадан кент орталығын
салуға, 90 га кәсіпкерлікті дамытуға, 145 га жер кенттің аумағын кеңейтуге
бағытталмақ. Ал, 122 га Ақайдың аумағын кеңейтуге пайдаланылады. Сондай-ақ,
21344 га Халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында
көліктік-логистикалық инфрақұрылым салуға және «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының
желілік бөлігін өткізу мақсатына қолданылады.
Сондай-ақ, басқосуда Байқоңыр
қаласында туризмді дамыту, 6 мектепті қазақстандық стандартқа көшіру, Жеңістің
70 жылдығымен және «Байқоңыр» кешенінің 60 жылдығын мерекелеу мәселелері
талқыланды.
Болашақта «Байқоңыр» ғарыш айлағы
туристік орталыққа айналады. Бұл мақсатта ғарыш кемелерінің ұшуын тамашалайтын
арнайы кешендер салынбақ. Қазіргі «Крайний» әуежайы күрделі жөндеуден
өткізіліп, Астана-Қызылорда-Байқоңыр, Алматы-Қызылорда-Байқоңыр бағыттарында
әуе рейістерін ашу бағытында жұмыстар жасалуда. Бұған қоса, Байқоңырға кіруге
рұқсат беруге арналған құжаттарды дайындау жеңілдетілмек.