«СЫР МЕДИА» НАУРЫЗДЫ ТОЙЛАДЫ

«СЫР МЕДИА» НАУРЫЗДЫ ТОЙЛАДЫҰлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесі қарсаңында «Сыр медиа» ЖШС ұжымы атаулы мейрамды лайықты деңгейде атап өтті. Серіктестік ұжымы шара барысында ұлттық ойындардан сайысқа түсіп, әсем әндерді әуелете білді. Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі етті.

Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғайнулла Жарқынбаев және өзге де меймандар ұжым мүшелерін ұлттық мейраммен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
Шара барысында бірнеше сайыс түрлері болды. Атап айтқанда, арқан тартудан облыстық «Сыр бойы» газеті ұжымына ешкім қарсы тұра алған жоқ. Одан кейінгі орындарды «Ақмешіт» және ақпараттық-талдау орталығының командалары өзара бөлісті. Ал асық атудан Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің қызметкері Ақтөре Ибрагимұлы мергендік танытса, ләңгі тебуде серіктестікке қарасты баспахана маманы Шыңғыс Бекішев жеңімпаз атанды. Гір тасын көтеру мен қол күресінен жігіттер арасында баспахананың тағы бір маманы Азамат Рашидинов мықтылық көрсетті. Қол күресінен әйелдер арасында серіктестіктің әкімшілігі атынан қатысқан Роза Шалбаева алға шықты.
Ал «Сыр бойы» газетінің тілшісі Бақтыбай Бердібаев ең үздік ұлттық киім иесі атанса, балалар арасында Саида Нұрғалиева бұл сайыста үздік деп танылды. Әсем әнді әуелете шырқаған «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Жайна Шерниязова, жас бүлдіршін Лаура Бекзатхан, серіктестік әкімшілігінің заңгері Болат Қожахметов жеңімпаздар қатарынан көрінді. Ақпараттық-талдау орталығының маманы Нұрбол Раушанбек қымыз ішуден мешкей жарыста қарсыластарын қапы қалдырып кетті.
Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 наурыз 2015 г. 865 0