«Сыр медиа» серіктестігіне қарасты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қаламын қармаққа айырбастап, «Үздік балықшы» жарысына қатысты.
Балық аулау орны етіп Жамбыл ауылының аумағындағы көл жағасы белгіленді. Балықшылар байқауға құрал-саймандарын дайындап, сақадай сай болып келген. Тіпті, олардың мерекелік көңіл күйін қолайсыз күн райы да бұза алмады. Ұйытқыған жел мен жаңбыр балық аулауға еш кедергі келтірмеді. Керісінше, сайыскерлер көл жағасындағы төрт сағаттың қалай өткенін білмей қалды.
Байқаудың жеңімпаздарына демеушілік еткен «ПетроКазахстан» Кумколь ресорсиз» акционерлік қоғамының сыйлықтары табысталды. Марапаттау рәсімінен соң жарысқа қатысушылар мен ұйымдастырушылар, қонақтар көл жағасында әзірленген балық сорпасының дәмін татты.