Таяуда ғана Талдықорғанда өткен күрес түрлерiнен Қазақстан чемпионатында 61 келiде Дәулет Ниязбеков жеңiмпаз атанды. Еркiн күрес шеберiнiң ел чемпионатын бесiншi рет ұтуы бұл. Еркiн күресте әлемдiк жарыстарда қазақтың атын әйгiлеп жүрген балуанның бiрi – осы Ниязбеков. 2011 жылы Түркияда өткен әлем бiрiншiлiгiнде қола жүлде олжалап қайтты. Арада он төрт жыл салып қазақтың еншiсiне әлем бiрiншiлiгiнiң жүлдесi бұйырды. Дәулет – Азия бiрiншiлiгiнiң де жүлдегерi.
Еркiн күресте есенi жiбермей жүрген дарынды балуанмен әңгiмелесудiң сәтi түсiп едi. Қазақ жiгiттерi тек намыс үшiн күресетiнiн, алдағы арман-мақсаттары жөнiнде ақтарыла әңгiмелей жөнелдi. Қоң етiн кесiп алсаң да қыңқ етпейтiн жiгiт сөзге сараң емес екен.
– Қазақстан чемпионаты – халықаралық жарыстарға жол ашатын бiрден бiр жарыс. Әлем чемпионаты, Азия бiрiншiлiгiне баратындардың тiзiмi ел бiрiншiлiгiнен кейiн түзiледi, – дейдi ол. – Спорттың оңайы жоқ қой. Жеңiске жеткiң келсе, жаттығуда барыңды салып, қиыншылықтарға шыдау керек. Табанды еңбектiң өнбегi – жеңiс.
Спорттан тәрбие алдым
Он бес жылдан берi боз кiлемнiң бар қиындығына шыдап келемiн. Спорттан алсам деген мақсатым үлкен, болашақтан күтерiм де мол. Әлем бiрiншiлiгiндегi қоланы бағалы жүлдеге айырбастамай спорттан кету қайда? Қазiр кемшiн тұстарымды толықтырып жатырмын. Қателiктерiңдi жеңiлген сәтте түсiне бастайсың. Әлi де жетiңкiремейтiн, жетiспейтiн тұстарымыз да көп.
Жарыстың алдында ештеңенi ойламауға тырысамын. Жалғыз қалып, дайындалған қолайлы. Жақын достарыммен әңгiмелесiп, уайымды ұмытамын. Ертең не болары тағдырымызға жазылып қойған. Сол себептi тек алға ұмтылу – бiздiң мiндет. Жеңiске жеткен сәтте қиыншылықтың бәрi ұмытылады. Оны әрбiр адам түсiне де бермейдi. Мойынға медаль тағып жатқанда ғана сол сезiмдi бастан кешесiң. Бiз үшiн бақыт деген сол. Өмiр бойы жеңiстiң дәмiн сезбей кеткендер де бар.
Расында, бұрынғыға қарағанда қазiргi жағдай бiршама түзелген. Тек жаттығу залдарының аздығы болмаса, қалғаны көңiлден шығады. Қайрат-күшiм қайтқанша кiлемнен кетпейтiнiм анық. Спорт маған бәрiн бердi. Ең алдымен тәрбие көрдiм. Бесiншi сыныптан берi спортта жүрмiн ғой. Мен ата-анамнан гөрi спорттан көп тәрбие алған адаммын.
Спортта жеңiске жетудiң кiлтi ең алдымен мiнезде деймiз. Екiншiден, тағдыр-талайыңа бiлiктi бапкер кезiкпесе, бәрi бекер. Қазақта бапкерлер жоқ емес, бар. Мәселен, Руслан Өмiрәлиев – қазақтың аты озсын деп жүрген азамат. Ол кiсiнi құрмет тұтамын. Осы кiсi шығарады қазақтың жiгiттерiн. Бәрi ауызбен iс бiтiруге шебер. Руслан бапкердiң жаттығуға келгеннен кеткенiнше қолынан ысқырығы түспейдi.
"Жарақатты жеңіме жасырып…”
Намыс болмаса ешкiм де күреспейдi. Қазақ жiгiттерiнiң бәрi де намысын қайрап шығатынына мен кепiлмiн. Бiздiң жанкештiлiгiмiз сырт көзге байқала бермейдi. Мәселен, 2009 жылы жастар арасындағы Азия чемпионаты басталуға бiр апта уақыт қалғанда салмақ қуамын деп қолымды ауыртып алдым. Сынықшыға көрсетейiн десем, қорқамын. Егер сүйегiм сынса, бапкерлер тастап кетедi. Сынған қолды жеңiме жасырып жарысқа қатыстым. Олжам да жоқ емес, үшiншi орын алдым. Елге келiп дәрiгерлерге тексертсем, сүйегiм бөлiнiп тұр ғой. Үзiлуге сәл қалған.
Әлем бiрiншiлiгiнiң алдында аяғымнан оңбай жарақаттандым. Қақсап шыдатпағанына қарамастан, барып күрестiм. Қиындыққа төзбей қолды бiр сiлтегенiңмен, екi күннен кейiн кiлемге қайта барасың. Басқа арна жоқ бiзде.
Спорт медицинасын дамыту – кезек күттiрмейтiн мәселенiң бiрi. Қазiр бiз өз-өзiмiзге укол салып, күресе беремiз. Әрбiрi өз-өзiне дәрiгер, өз-өзiне массажшы…
"Еркін күреске зал керек”
Осы күнде еркiн күрес Алматы облысында қарқынды дамып жатыр. Балуандардың денi Алматыға барып, жаттығу жасайды. Өзiм әлiге дейiн Қызылорда облысының атынан күресемiн.
Шыны керек, бұрынғыға қарағанда еркiн күрес балуандарынының деңгейi өскен. Әсiресе, қазақтың дарынды жiгiттерi әр аймақтан бой көрсеттi. Бұрын тек легионерлер емес пе едi?! Қазiр олардың қатары сиреген. Мәселен, қазақтың жiгiттерi де әлем бiрiншiлiгiнде жүлдеге iлiктi.
Балуанға әуелi бап керек десек, әр аймақтан күрес залдарын көбейткен абзал. Бiлсеңiз, Дағыстандағы бiр Махачкаланың өзiнде жиырма шақты зал бар. Бiздер кейде жаттығатын зал таппай қиналамыз. Осы жағы ойлантады.
Әлемде еркiн күрестi дамытуда Иран, Ресей, Жапония iлгерi кеттi. Азия құрлығында да парсы, солтүстiккореялық балуандардың әрбiрi қарымды қарсылас бола алады. Өйткенi олардың iргесi берiк мектебi бар. Жастайынан спортты көрiп өседi.
"Жарым қарсыластарымды жыға таниды»
Олимпиададан кейiн отау тiгiп, ақ құсымды қолыма қондырдым. Менiң ең бiрiншi жанкүйерiм де – үйдегi жарым. Қарсыластарымның бәрiн жаттап алған тiптi. Әке-шешем үнемi қолдап-қуаттап, демеп отырады.
Спорттық мансабым аяқталғаннан кейiн бапкер боламын. Бiр қазақтың баласын Олимпиада, әлем чемпионы еткiм келедi. Айлық алмасам да, қазақ жiгiттерiн баулуға бармын.
Жазып алған Т. ҚАСЫМ, «Жас Алаш»