Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында М. Мәметова атындағы Қызылорда педогогикалық колледжінің 1961 жылғы түлегі-ғалым, қоғам қайраткері, еңбек жолын қарапайым ұстаздықтан бастап, министр де, сенатор да болған Шәмша Көпбайқызы Беркімбаевамен кездесу өтті. Кездесуде ұстаздық жол туралы тағылымды ойларымен бөліскен Шәмша Көпбайқызы жақында өртенген үйден бесіктегі баланы аман алып шыққан колледждің 3-ші курс студентіне құрмет көрсетті.
Жиынды ашып сөз сөйлеген колледж директоры Әлима Әбдіхалықова оқушыларға, қатысушы қонақтарға мәртебелі мейманның өмірбаяны, еңбек жолы жайлы баяндап, оқу ордасы Шәмша Көпбайқызын мақтан тұтатынын айтып, арнайы келгені үшін алғыс білдірді.
«Ұлағатты ұстаз қай салада қызмет жасамасын қазақ мектебінің жағдайы, мәртебесін назарынан тыс қалдырған емес. Шәмша Көпбайқызының «Оқу-тәрбие қызметіне негіз болып отырған бүгінгі қазақ мектебі нашар болуға тиіс емес. ХХІ ғасыр - бәсеке ғасыры. Бұл ғасыр марғаулықты көтермейді. Бізге серпілу керек» деген сөздері қазақ мектептеріне маман дайындап жатқан біздің білім шаңырағымыз үшін бағыт-бағдар», - деді колледж директоры.
Кездесуде 12 наурыз күні бір жарым жасар бесікте жатқан сәбиді өртенген үйден аман алып шыққан колледждің 3-ші курс студенті Данияр Қауышхановты ерлігі үшін марапаттау рәсімі өтті. Шәмша Көпбайқызы Даниярға сый-сияпатты өз қолымен ұсынды.
«Мен бұл оқиға туралы естігенде таң қалдым. Осындай ерліктің соңғы кезде оқушылар, студенттер арасынан шығып жатқаны оларға беріліп жатқан патриоттық тәрбиенің дұрыстығы деп ойлаймын. Мұндай тәуекелге бару екінің бірінің қолынан келмейді. Мен үнемі жастарға айта жүремін, ғалым да, батыр да, басшы да, министр де сіздердің орталарыңызда деп. Айналайын, мен жеткен жетістіктерге сен де жет!», -деп ризашылығын білдірді.
Аман қалған сәбидің әжесі Зоя Омарованың колледж студентіне деген ризашылығы шексіз.
«Өрт болған үйді де көрдік, сау тамтығы қалмаған. Оған қарап, сәбидің аман қалғанына таң қаласың», - дейді ол.
Кездесуге арнайы шақырылған Даниярдың әжесі де Шәмша Көпбайқызына, ұжым басшысына рахметін айтты.
Айта кетейік, Данияр Қауышханов - колледже білім алумен қатар, №5 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің тәрбиеленушісі, бокстан Қазақстан Республикасы спорт шебері.