Германиялық эксперт қызылордалық кәсіпкерлермен тәжірибесімен бөлісті

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге маркетингтік стратегия бойынша оқыту ұйымдастырды.

Тренингті Германияның халықаралық ынтымақтастық бойынша неміс экономикалық қорының бағдарламасы аясында SES қызметінен келген эксперт Юрген Штефан Пфайффер өткізді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталмыш бағдарлама зейнет жасына шыққан барлық азаматтарға қоғамдық өмірде белсенді қатысып, білімдері мен тәжірибелерін өзге адамдармен бөлісуге мүмкіндік береді. Бағдарлама қатысушылары оқыту жұмыстарын өз елдерінде, сондай-ақ өзге де елдерде де жүргізе алады. Қоғамдық негізде жұмыс жасайтын аға эксперттер басшылық қызметтегі мамандарға кәсіби біліктілігін арттыруға қолдау көрсетеді.

Қызылордалық кәсіпкерлерге эксперттік көмек берудегі мақсат - жергілікті персоналдың біліктілігін арттыру, туындаған қиындықтарды өздігінен шешуге дағдыландыру.

Айта кету керек, семинарға кәсіпкерлермен бірге Кәсіпкерлер палатасының консультанттары да қатысты. Оқыту семинарының қорытындысымен қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылды.

Мұнымен қоса, германиялық эксперт облысқа сапары барысында бірнеше кәсіпорындарда болып, кәсіпкерлерге бизнесті дамыту және кеңейтуге қатысты кеңестер берді.

Бұл жөнінде қызылордалық кәсіпкер, «ОРДА ЛЮКС» ЖШС-нің директоры Арман Иса: «Біздің мекемемізге маркетингтік және сату мәселелері бойынша менеджерлік машық жетіспейтін. Пфайффер мырза өзінің тәжірибесімен бөлісіп, құнды кеңестер берді», - деп экспертпен кездесуден алған әсерімен бөлісті.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 наурыз 2015 г. 682 0