Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылордада мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Енді тұрғындар автокөлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алуға қатысты барлық мемлекеттік қызметтерді бір кешеннен ала алады. Орталықтың жұмысымен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев танысты, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
«Елбасымыз «Бүгінгі таңда еліміздің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі - әлеуметтік-экономикалық жаңғырту және қазіргі заманға сай әлеуметтік мемлекет құру» деген болатын өз Жолдауында. Міне, бүгін біз халыққа қызмет көрсетудің болашағын баянды ету жолында тағы да бір бірегей орталықты іске қосқалы отырмыз», - деді облыс әкімі.
Мамандандырылған ХҚКО-да құжаттарды рәсімдеу үшін шамамен 60 инспектор, ішкі істер, салық департаментінің қызметкерлері жұмыс істейді. Олар күнделікті электрондық кезек тәртібімен 400-ден астам адамға қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар.
Мұнда жүргізу куәлігін алу үшін практикалық емтихан тапсыру процесі толығымен автоматтандырылған. Көліктерге зияткерлік автодром орнатылған, ол арнайы датчиктермен, ал автомобиль бағаны өз бетінше қоятын, көлікті басқару дағдыларын электрондық бағалау жүйесімен жабдықталған.
Сондай-ақ мамандандырылған ХҚКО ғимаратында емтихан сыныбы, реттеу залы, жол полициясы қызметкерлерінің, нарколог және психиатр дәрігерлерінің, медициналық тексеруден өткізетін медицина қызметкерлерінің кабинеттері, көлік құралдарын тіркеу куәліктері мен жүргізуші куәліктерін дайындауға арналған үй-жай, дайын құжаттарды беру секторы бар.
Бұдан басқа, қызметті алушыларға ыңғайлы болу үшін, өзіне өзі қызмет көрсету секторы жұмыс істейді, онда автомобильге сенімхатты тіркеуді, жол қауіпсіздік ережелерінің айыппұлдарын, көлікке салықты өтеуді, жүргізуші куәлігін алу және ауыстыруға мемлекеттік баж салығын төлеу сияқты барлық электрондық қызметтерді алуға болады.