Бүгін, 20 наурыз күні Қызылорда қаласында жасөспірімдер арасында шахматтан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, - деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.
Биыл облыста бірінші мәрте ұйымдастырылған аламанға Астана, Алматы қалалары мен еліміздің барлық облыстарынан 400-ге жуық 8 және 18 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар қатысуда.
Жарыс швейцар жүйесі бойынша 9 турдан шахматтың классика, рапид және блиц түрлері бойынша өтуде. Жарыстың салтанатты ашылуында облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы, ҚР Шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Еркін Исраилов және облыстық шахмат федерациясының президенті Марат Есенов сайысқа қатысушыларды құттықтап, жеңіс тіледі.
Жарыстың бас төрешісі, арбитр фиде Василий Шимелков жарыс бағдарламасымен таныстырды. Бағдарлама бойынша жарыс күн сайын сағат 10.00-де басталады. Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімдері 31 наурыз күні белгілі болады.