«Financial Times» газетінің тілшісі Қызылордада болды

«Financial Times» газетінің тілшісі Қызылордада болды Белгілі халықаралық «Financial Times» қаржы газетінің тілшісі Қызылорда облысына арнайы іссапармен болды. Журналист Қызылорда облысы әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің бірлесе атқарып жатқан жобаларымен танысу мақсатында  бірқатар инфрақұрылымдық объектілерді аралады.  

 Алдымен «Қызылорда Жылу Электр Орталығы» мен «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесінде болды. Айта кетейік, Қызылорда облысының әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі инфрақұрылымды дамыту бойынша несиелік келісімдерге қол қойған болатын. Қазір Еуропалық қайта құру және даму банкімен тығыз қарым-қатынас орнатып, құны 63 млрд. теңгенің 8 жобасы жүзеге асырылуда.  Осы жобалар қатарында Қызылорда қаласының жылу желілері мен электр жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары да бар.  «Қызылорда жылу-электр орталығы» МКК директоры Асқар Бекмағанбетов «Financial Times» журналының тілшісіне берген сұхбатында,  жаңғырту жұмыстарынан кейін өндірістік шығын 25 пайызға дейін азайып, жылу қуаттылығы 175 мың ГК жететінін айтты. Ең бастысы, Қызылорда қаласындағы өзекті мәселе шешімін табады. Яғни қызылордалықтар орталықтандырылған ыстық су желісіне қосылатын болады. 
Сондай-ақ, шетелдік журналист Қызылорда қаласындағы заманауи автобус паркінде болды. Еуропалық қайта құру және даму банкімен қол қойылған меморандум нәтижесінде құрылған бұл автобус паркінде қазір көгілдір таза отынмен жүретін 20 жаңа автобус жолаушылар тасымалдайды. Алдағы уақытта тағы осындай 100-ге жуық автобус әкелінеді. 
«Financial Times» газетінің тілшісі Джек Фарчи Қызылорда қаласының алдыңғы қатарлы озық білім ошағының бірі – «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» болып, оқу процесімен танысты. Бұл мектепте бүкіл облыстың дарынды балалары оқиды, оқу үш тілде өткізіледі және оқытудың ең жаңа технологиялары қолданылады.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 наурыз 2015 г. 749 0