Беларусьтің Минск қаласында еркін және әйелдер күресінен өткен «Александр Медведь» жүлдесіне арналған Гран-при халықаралық турнирінде Сыр спортшысы Дәулет Ниязбеков 61 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдені еншіледі. Енді Дәулет үстіміздегі жылдың 5-10 мамыр аралығында Дохада (Катар) өтетін еркін күрестен Азия чемпионатына қатысады.
Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл 45-ші мәрте ұйымдастырылған жарысқа 26 мемлекеттен 282 балуан қатысты. Қазақстан намысын 37 балуан қорғады. Ал әйелдер күресіне 13 елден 112 спортшы келген. Еркін күрес пен әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы 2 күміс, 4 қола жүлдені иеленді.
Сондай-ақ, аталмыш жарыс аясында әйелдер күресінен жасөспірім қыздар арасында халықаралық турнир қатар өтті. Айтулы сында №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің түлегі Асылзат Сағымбай 40 келі салмақта жеңіс тұғырына көтерілді.
Ол бұған дейін Қазақстанның күміс және қола жүлделерінің иегері атанған, халықаралық турнирдің күміс жүлдегері. 2011 жылдан бері осы спорт түрімен айналысып келе жатқан Асылзаттың бапкері - Жандос Бөрібеков. Ол енді 19-24 наурыз аралығында Қарағандыда өтетін Қазақстан чемпионатында бақ сынайды.