Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Бұрымды ару - 2015» атты облыстық байқау өткізілді.
Мұндағы басты мақсат - өткен дәуірдің аманаты қолаң шаш үлгісін бүгінге дейін жалғап, ұрпаққа мұра етіп қалдырған асыл аналарымыздың қадыр-қасиетін өзгелерге үлгі ету, қос бұрымды қолаң шаш қазақ қызының көркі екендігін кеңінен насихаттау. 18-28 жас аралығын қамтыған бәсекеге Шымкент, Жамбыл, Орал, Қызылорда қалаларынан және Қызылорда облысына қарасты барлық аудандардан бұрымды арулар қатысып, өз бақтарын сынады.
Байқауға Қазалы ауданының намысын қорғау үшін аудандық мәдениет орталығының қызметкері Айнұр Оспанова да қатысты. Ол байқау шарттарына сәйкес «Мен қазақтың аруы» кезеңінде өзін таныстырса, «Өнерім - менің өрісім» кезеңінде бойдағы өнерін ортаға салды және «Қыздың сәні - қос бұрым» кезеңінде шаш үлгісін көрсетіп, «Зерделі екен бұрымды...» деп аталатын кезеңде әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер туралы сұрақтарға жауап берді.
Байқау қорытындысында қазалылық бұрымды ару Айнұр Әмірәліқызы бірінші орынды қанжығасына байлады.