Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қайырбай Зәкіровті 70 жасқа толған мерейлі жасымен құттықтап, «Құрмет» грамотасын табыс етті, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
- Сіз облысымыздың бейнелеу өнерінің дамуына зор үлесіңізді қосып келесіз. Сіздің шығармашылықтағы тақырыптарыңыз уақытпен, әдет-ғұрып, салт-санамен, бабалардың рухани мұрасымен, экологиялық мәселелермен үндесіп, мәдени-рухани кеңістігімізді кеңейтіп келеді. Сіздің қаламыңыздан шыққан картиналар еліміздегі көрмелерде ғана емес, АҚШ, Франция, Португалия, Қытай, Жапония, Марокко, Йемен секілді мемлекеттердің өнер мұражайларында, Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің қорында да қойылған және шетелдік дербес коллекционерлердің қолында сақтаулы, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
2014 жылы «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Қазан қаласында өткен халықаралық симпозиумда Қайырбай Қонысбайұлының «Қорқыт», «Бегім ана», «Балқы базар» атты картиналары жоғары бағаланып, байқауда бас бәйгені жеңіп алды.
Суретші өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.