«Аралтұз» АҚ қазу мен оны өңдеп тұтынушыларға жеткізу жұмыстары, жер қойнауын пайдалану үшін өзіне берілген Үкіметтің лицензиясына және келісімшартына сәйкес атқаруда. Бүгінде комбинатта 800-ге тарта адам тұрақты жұмыс істейді. Жаңадан қосылған екі цехта қосымша тағы 60 жаңа жұмыс орны ашылды.
Акционерлік қоғам республикадағы тұз қазу мен оны өңдеу бойынша ең ірі кәсіпорын болып саналады. Биыл мекеменің құрылғанына 90 жыл толып отыр. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін иод жетіспеушілігі салдарының алдын алуға арналған иодталған ас тұзын шығаратын республикадағы жалғыз мекеме болып келеді және оның негізгі өндірушісі болып табылады.
Мекеме сапалы тауар шығару бойынша көптеген халықаралық және республикалық көрмелердің дипломдарының иегері атанды. 2001-2003 жылдары «Аралтұз» АҚ-да зауыт тарихында бірінші рет қайта құру жұмыстары атқарылып, өндіріске «тұзды екінші рет байыту» технологиясы енгізілді.
2012 жылдан бастап мекемеге жаңа инвестор келуіне байланысты «Аралтұз» АҚ-да көптеген игілікті жұмыстар басталып кетті. 2013 жылы Қазалыдағы «Қамқор-Локомотив» ЖШС мекемесіне тұз қазуды тасымалдауға арналған тепловоз күрделі жөндеуден өткізілді.
Құны бірнеше жүз миллион болатын жаңа зауыттың құрылысы басталып, испан елінен жаңа технологиялық жабдықтар алынды. Жаңа испан цехы 2013 жылдың тамызынан бастап өнім шығара бастады. Сондай-ақ тұз қалталау цехына Ресей елінен, яғни Санкт-Петербордан 5 дана жаңа автомат алынып, өндіріске енгізілді.
Соңғы екі жылда осындай ауқымды жұмыстарға 1 миллиард теңге шамасында қаржы жұмсалып отыр. Өндірісті дамытудың жоспарына сәйкес, маркетинг зерттеулер нәтижесінде брикеттелген мал азығына қажетті тұз өндіру қолға алынды.
Комбинат алдағы уақытта Сауд Арабиясы, Жапония, Қытай елдерімен байланыс орнатуды жоспарланып отыр.