Көктемгі сеңнен қауіп жоқ

Көктемгі сеңнен қауіп жоқСырдариядағы сең биыл Қызылорда қаласына қауіп төндірген жоқ. Тіпті көпшілік ұстасқан мұздың қала іргесінен өтіп кеткенін байқамай да қалды. Мұның негізгі себебі дариядағы су мөлшері жылдағыдан аз болды.


Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Жұмахан Нұрсейітовтің айтуынша, бүгінгі күні сең қаладан 200 шақырым қашықтықта Қармақшы ауданы жерінде өз арнасымен көшіп барады. Ауа райы жыли беретін болса, наурыз айында теңізге құюы тиіс.

Бүгінгі күні қырғыз ағайындардың Тоқтағұл су қоймасында 7,2 млрд. текше метр су тұр. Одан төмен қарай секундына 519 текше метр су ағып жатыр. Ал біздің бас су қоймамыз - Шардарадағы судың мөлшері 3 млрд. 968 млн. текше метрді құрайды. Оған жоғарыдан секундына 1236 текше метр су келіп құйылып жатқанын ескерсек, таяу уақытта Шардара қажетті мөлшердегі суын жинап бітеді. Бас су қоймасынан төмен қарай секундына 500 текше метр су жіберіліп жатыр. Оның 400 текше метрін Көксарай су реттегіші қабылдап алса, қалғаны дария бойымен төмен ағып жатыр. Көксарайдағы қазіргі су көлемі 1,862 млрд. текше метрге жеткен. Сондай-ақ дарияға Арыс өзенінен 47 текше метр су қосылуда.

Қызылорда су торабынан секундына 168 текше метр су өтіп жатыр. Мамандардың есебінше, биылғы көктемгі егістікке су жеткілікті болуы тиіс.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 ақпан 2015 г. 580 0