"Қайсар" "Кубаньмен" кездесті

Қызылорданың «Қайсары» Түркияда кезекті жолдастық-бақылау кездесуін өткізді. Бұл жолы жерлестерімізге Ресей Премьер-лигасының азулы клубтарының бірі – Краснодардың «Кубань» клубы қарсылас атанды.
«Қайсар» – «Кубань» (Краснодар, Ресей) 1:2
Голдар: Юрай Пирошка – Каретник, Бальде.

Краснодарлықтардың бас бапкері Леонид Кучук секілді «Қайсар» коучы Дмитрий Огай да негізгі құрамға кіл мықтыларын шығарды. Нәтижесінде матч өте тартысты мәнерде өрбіп, командалар әдемі ойын өрнегін көрсетті. Қызылордалықтар сапында әдеттегідей Владислав Нехтий мен Серікжан Мужиков белсенді болғанымен бірінші таймда сол күйі есеп ашылған жоқ.
Ал үзілістен кейін бірінші болып қақпадан саңылау тапқан «Кубань» футболшылары. Айып добын өте әдемі орындаған Каретник қақпашымыз Кирилл Прядкинді тұрған орнындай қақайтып, тоғыздықты дәл көздеді. Дегенмен, бұл гол жерлестерімізге керісінше қамшы болып тиген секілді. Дмитрий Огай шәкірттері қарқындарын күшейтіп, тайлы-тұяғымен шабуылға көшті. Соның арқасында есепті теңестіріп те үлгердік. Оң қапталдан атойлап шауып, айып алаңына әдемі пас асырған Нехтий болатын. Ал «снарядты» жерге түсірместен қақпаға қақырата соққан Юрий Пирошка. Бұдан кейін де гол соғатын бірнеше мүмкіндігіміз болды. Алайда алғы шепте сәттілік жетіспей, шабуылшыларымыз допты қақпаға дарыта алмай жатты. Сондай сәттердің бірінде краснодарлықтар қарымта шабуылға қашып кетіп, қақпамызға екінші голды соқты. Қорытынды есеп – 1:2, «Қайсар» енді жаттығу жиынындағы соңғы кездесуін 25 ақпан күні Туланың «Арсенал» клубына қарсы өткізеді.
Айтпақшы, айта кетуіміз керек, ойынды трибунадан Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Облыстық футбол федерациясының Президенті Нұржан Әлібаев тамашалап, футболшыларымыздың шеберліктеріне сенімділігін білдірді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 ақпан 2015 г. 536 0