Елбасы қай уақытта да жастарды, олардың заманауи идеяларын үнемі қолдап келеді. «Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің-елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш», - деп, оларға деген ізгі сенімі мен үмітін үкілеген еді.
М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжі Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған бастаманы жас сайлаушылар ретінде қолдау мақсатында «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырған мәжілісте бас қосты. Бұл туралы колледждің баспасөз қызметі хабарлады.
«Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы халықтың барлық тобы өз пікірін айтып және қызу талқылап жатыр. Еліміздегі жетекші саяси күш ретінде «Нұр Отан» партиясы да бұл бастаманы бір ауыздан қолдады. Міне, колледждің көшбасшы жастары да осы мақсатта жиналып отырмыз. Мен - колледждегі «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысымын. Жастар қанатының барлық мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын қызу қуаттайды және барлық замандастарымды осынау сындарлы сәтте Елбасының жанына топтасуға шақырамын!», - деп жас сайлаушы Балзия Пірімжар алғашқы болып жастарға үндеу тастады.
Жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен олимпиада чемпионы Бауыржан Жауынтаев: «Қазір жастарға мүмкіндіктеріне қарай барлық жағдай жасалған. Олар білімін де, өнерін де, спорттағы әлеуетін де тек еліміз емес, халықаралық деңгейде танытуда. Менің де колледжде оқысам да әлем чемпионы атанып, үлкен табыстарға қол жеткізуім Отанымдағы бірлік пен татулықтың, жас ұрпақтың салауаттылығы мен бұқаралық спортты қолдап отырған Елбасының арқасы. Өмірім тікелей спортпен байланысты, оқуымды бітіріп, спорт саласының маманы болып, қызметке орналасуыма жол ашық. Елбасының спортқа деген сүйіспеншілігі мен талабын іске асырып және өзімнен кейінгілерге үлгі етемін», - деген ойларымен өзінің кезектен тыс Президент сайлауын қолдайтынын нық сеніммен білдірді.
«Бауыржан дзюдо күресіне қатысып, Сыр елі ғана емес, дүйім Қазақстанның атын шығарса, мен де самбо күресінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионымын. Бұл менің табысым ғана емес, отбасымның, ұжымымның, Отанымның табысы. Бұл жетістікке Елбасының жастарға, спортқа деген жанашырлығы нәтижесінде жеттім. Сондықтан да қашанда Президентіміздің саясатын қолдаймын және жастық жалынымды елімнің игілігіне арнаймын», - деп Гүлфайруз Наймантаева өз пікірін ашық айтты.
Колледждегі «Студенттер Альянсы» ұйымының төрайымы Қорлан Құдайберген: «Бұл бастамаға үн қосу үлгісін алдымен түрлі қоғамдық ұйымдарға біріккен жастар көрсетуі тиіс. Біз, Қазақстан «Студенттер Альянсына» топтасқан жастар, қашанда өз көшбасшылығымызды танытып, қолдайтынымызды білдіреміз және барлық жас сайлаушыларды бұл науқанда белсенді және зерделі болуға шақырамыз»,-дей отырып, өз құрбы-құрдастарына пайымды ой тастады. Мұнан соң оқу озаты Айдана Жұмадинова , жас ақын Айдар Сайлау, колледждегі «Таңдаулы студент» номинациясы иегері және облыстық жас математиктердің ғылыми-практикалық конференциясының жүлдегері Мұқан Төлебаев, Студенттер ғылыми қоғамының жетекшісі Айнұр Ердәулет те кезектен тыс Президент сайлауын өткізу - жастарды жұмылдырудың, халқымызды берекелі бірлікке топтастырудың кілті екендігі жайлы өздерінің тұщымды ойларын ортаға салды. Жастардың аталған шараны қолдау жиыны бір мақсат, бір мүдде, бір болашақты меңзейтін «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегінде үндесіп жатты.