Пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен Арал ауданының және Қызылорда қаласының тұрғындары ұсталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметінен.
2015 жылдың 6 ақпанында Қызылорда қаласындағы Арай шағынауданы тұрғынының пәтер ұрлығы бойынша арыздануымен Қызылорда ҚІІБ қызметкерлері оқиға орнына дереу жетіп, ұрлықтың қонақ бөлменің терезесінен кіру арқылы орын алғанын және пәтерден 2 дана құндыз бас киім, 1 дана ноутбук қолды болғанын анықтады.
Ұсталған азаматтардың басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау мақсатында жедел іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде, күдіктілердің 14 қаңтарда Қызылорда қаласының орталығында орналасқан үйлердің біріне терезе арқылы кіріп, екінші қабаттағы жатын бөлмеден алтын, гауһар тас бұйымдарын, бағалы тонын, сейфтен 1 мың АҚШ доллары мен 70 мың теңгесін ұрлап, үй тұрғынына 1 650 мың теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды.
Жоғарыда аталған күдіктілердің қатысуымен ағымдағы жылдың 25 қаңтарында тағы бір пәтер ұрлығы қылмысы орын алған. Қызылорда қаласының тұрғыны 1985 жылы туылған азаматшаның үйіне түсіп, жатын бөлмесінен құндыз тонын, планшетін және алтын бұйымдарын қолды етіп, жалпы құны 2 580 мың теңге көлемінде шығын келтіргені белгілі болды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер Қызылорда ҚІІБ-ның уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Қазіргі таңда тергеу барысында ұсталған тұлғаның бұдан бөлек 8 ұрлық қылмысына қатысы бар екендігі анықталды. Бұл ұрлықтарға қатысы бар деген күдікпен олардың тағы бір сыбайласы - 1992 жылғы Арал ауданының тұрғыны ұсталып, ҚІІБ-ның уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Тексеру барысында айғақ заттар тәркіленді.