Алматы облысы, Талдықорған қаласында еркін күрестен ересектер арасында өткен ел чемпионатында еркін күрестен қызылорладық спортшы Дәулет Ниязбеков 61 келі салмақ дәрежесінде алтын медальға ие болды.
Аталған чемпионатқа Қазақстанның ұлттық құрамасындағы көшбасшы спортшылар мен Қазақстанның барлық өңірінен мықты балуандар қатысты.
Бұл дүбірлі бәсеке Американың Лас-Вегас қаласында болатын Әлем чемпионатына іріктеу ретінде маңызды жарыстардың бірі деп те айтуға болады.
Дәулет бес кездесудің бесеуінде де қарсыластарынан басым түсіп, финалда Алматы облысының спортшысы Елдос Әбикеновті 5:0 есебімен жеңіп, бесінші мәрте ел чемпионы атанды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Енді Дәулет биылғы жылы Американың Лас-Вегас қаласында болатын Әлем чемпионатына қатысуға дайындалу үшін Белоруссияға оқу-жаттығу жиынына барады.
Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алатын Дәулеттің бапкері ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбутәліп Аманов.
Еске сала кетейік, ел чемпионаты 17-18 ақпан күндері өтті.