Қ.Көшербаев халық алдында есеп берді

Қ.Көшербаев халық алдында есеп бердіБүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдында есеп берді. Аймақ басшысы алдымен өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралады.

Қызылордада шыны зауытының құрылысы басталды. Бұған техникасы озық америкалықтар инвестиция құятын болды.
Соңғы екі жылда облыс бюджеті қосымша 44 миллиард теңгеге ұлғайды. Бұл қаражат аймақ үшін маңызды мәселелерді шешуге жұмсалды. Мәселен, білім беруді қаржыландыру 2014 жылы 2012-мен салыстырғанда 1,8 миллиард теңгеге, денсаулық сақтау саласы 1 миллиард теңгеге артқан. Сондай-ақ, әлеуметтік қорғау саласына бөлінетін қаржы 2,8 есеге, мәдениет пен спортқа 40 пайыздан артық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы 2,3 есеге көбейген. Бұл халық үшін жасалып жатқан жұмыстардың бір парасы.
Қызылорда облысында соңғы екі жылда 21 мыңнан астам, соның ішінде 18 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.
Өткен жылы «Бизнестің Жол картасы» шеңберінде кәсіпкерлерді қолдауға 1 миллиард 400 миллион теңге бөлінді. Жыл ішінде шағын және орта кәсіпкерліктің белсенділігі едәуір артып, жеке кәсіпке бет бұрғандардың саны 5,5 пайызға өсіп,  кәсіпкерлер қатарына жаңадан 13 мыңнан астам адам қосылды.
Мемлекеттік ветеринарлық орталықтардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 425 миллион теңге қаражат бөлініп, ветеринарлық бекеттер үшін 133 ғимарат, автокөлік пен керекті жабдықтар сатып алынды. Осы шаралардың арқасында биыл Қызылорда облысы буферлік аймақтан шықты. Енді облыс өз-өзін етпен қамтамасыз етіп, оны сыртқа да шығара алады.      
Былтыр 6,7 мың тонна балық ауланды. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда үш есеге артық. Балық өңдейтін 8 зауыт жұмыс істейді. Олар жылына 11 мың тонна балық өңдей алады. Барлығы да соңғы технологиялармен жабдықталып, халықаралық талаптарға жауап береді. Өнімдері жақын және алыс шет елдерге экспортталады. Аралда ауланған балық Еуропа нарығында сатылып жатыр. Соңғы бір жылдың ішінде экспорт көлемі 14 пайызға артқан.
Соңғы үш жыл ішінде денсаулық сақтау саласының қажетіне облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы 2 есеге көбейді. Денсаулық сақтау саласының осы аралықтағы жалпы бюджеті 94,1 миллиард теңге құрады. Мұның барлығы медициналық қызметтің сапасын көтеріп, оның қолжетімділігін арттыру үшін жасалды. Екі жыл ішінде атқарылған кешенді жұмыстың нәтижесінде біз денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштер бойынша біраз алға жылжыдық. Біріншіден, сәбилердің шетінеуі 34,7 пайызға азайды. Сол сияқты, ана өлімі де 2013 жылмен салыстырғанда екі есеге қысқарды.
Былтыр экономиканың түрлі саласына 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның 10 мыңы тұрақты. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық. Биыл тағы түрлі салада жаңадан 9 мың 500 жұмыс орны ашылады.
Өткен жылы облыс бойынша 300 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй берілді. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 9 пайызға артық. Сонымен қатар, «Қолжетімді баспана» және «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламалары бойынша 38 мың шаршы метрдей тұрғын үй салынған (435 пәтерден тұратын 89 тұрғын үй салынды).
Соңғы екі жылда таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 15 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл алдыңғы екі жылмен салыстырғанда 54 пайызға көп (2011-2012 жылдары 9,7 миллиард теңге). Соның ішінде былтыр ғана бұл мәселені шешуге 6 миллиард теңге қаржы тартылды. Осының арқасында қазір біздің 262 елді-мекеніміздің 185-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Онда ауыл тұрғындарының 94 пайызы өмір сүріп жатыр.
Бүгінгі облыс әкімінің есепті кездесуін телекөпір арқылы облыс жұртшылығы аудандық мәдениет үйлерінен тамашалады. Тіпті көкейінде жүрген сауалдарын облыс әкіміне шалғайда отырып тікелей байланыс арқылы қоюға мүмкіндік жасалды.
Биыл Қызылорда облысының 70 пайызы көгілдір отынмен қамтылады. Былтыр «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысы аяқталды. Осыған орай облыс елді-мекендеріне газ тарту мүмкіндігі туды.
Есепті кездесудегі тағы бір ерекшелік, жиынға қатысқандар телекөпір арқылы Арал мен Жаңақорған аудандарында газ құрылысын басталу сәтіне куә болды.
 Біз Қызылорда облысының елді мекендерін газдандыру жұмыстарын бүгіннен бастап кеттік. Қазіргі таңда Арал, Жаңақорған аудандарының орталығында құбырларды дәнеркерлеу жұмыстары жүргізіле бастады. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы орындауға уәде береміз, - деді телекөпір арқылы Арал ауданынан байланысқа шыққан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Серікхан Байзақов.
Осы жобалар ақылы биыл облыс халқының 70 пайызы тұратын елді-мекендерге газ жеткізу жоспарлануда. Газдандыру жұмысының басталғанына Қызылорда облысының халқы Елбасына ризашылықтарын білдірді.
Алдағы жылы да ауқымды жұмыстар атқарылады. Жиын барысындар тұрғындар сауал қойып, тұщымды жауаптарын алды.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 ақпан 2015 г. 989 0