Қызылорда мектептерінің асханаларында жаңа технологиялар енгізілуде. Астаналық кейтеринг-компаниясы қаланың бес мектебінде тамақтандыру ісін ұйымдастыруды жетілдіруге қаржы бөліп отыр.
Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев №101 және №264 білім ошақтарында болып, асханаларының жөндеу жұмыстарымен және материалдық-техникалық базасымен танысты.
Мердігер мекеме «Казмультикейтеринг» ЖШС басшылығының айтуынша, компания мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында озық жобаны жүзеге асыру бойынша байқауды жеңіп алған. Бұл компания Сочи қаласындағы Олимпиада кезінде қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру тәжірибесін негізге алады.
- Қызылорда осындай жоба жүзеге асырылатын алғашқы өңір болып табылады. Ұсынған жобаны жергілікті билік бірден қолдады. Тозығы жеткен құрал-жабдықты жаңа әрі сапалы қондырғылармен алмастырып, асхана қызметкерлерінің жалақысын көтердік. Құрал-жабдықтың қуаттылығы мектеп ішінде шағын комбинат ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Әріптестігіміз ұзақ болып, болашақта осы мектептерді сенімді басқарушылыққа берсе деп үміттенеміз,- дейді олар.
Қаланың бес мектебінің асханасына жөндеу жұмыстары жасалып, қазіргі заманға сай құралдармен жабдықталған, оқушылары толыққанды ыстық тамақпен қамтылған. Екі мектептің жөндеу жұмыстарының құны – 30 млн теңгені құрайды.
***
Сондай-ақ, аймақ басшысы «Достық үйінің» құрылыс жұмыстарымен танысты. «Достық үйі» болып қайта жаңғыртудан өтіп жатқан бұрынғы Ы.Алтынсарин атындағы кинотеатр ғимараты облыстық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Жайсан Сыздықовтың жеке меншігінде еді. Бүгінде жеке кәсіпкер Ж.Сыздықов кинотеатрды ел игілігіне пайдалануға беріп, жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеуді өз есебінен қаржыландырды.
Ғимараттың жалпы ауданы 1300 шаршы метрді құрайды, тағы да дәл осындай көлемде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Толық қайта жаңғырту жұмыстары 1 шілдеде аяқталады деп жоспарлануда. Жөндеу аяқталған соң мұнда барлық 11 этномәдени бірлестіктер орналасатын болады.