Кәсіби-техникалық білім беру жүйесін жаңғырту жолдарының бірі - колледждерде басқарудың жаңа түрін енгізу. Осы ретте, республика бойынша тұңғыш рет Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерімен бірге колледждерді корпоративтік басқару жобасын әзірледі. Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш жобаны жүзеге асыруға «К-групп», «Раим» және «Бест-сервис» ЖШС-тері ниет білдіріп, кәсіпкерлердің бастамасымен облыста «Сервис және қызмет көрсету саласындағы Кәсіпкерлер қауымдастығы» құрылды. Нәтижесінде Кәсіпкерлер палатасы, облыстық білім басқармасы, Қауымдастық және колледж арасында 4 жақты келісімшартқа қол қойылып, корпоративтік басқаруды енгізуде алғашқы тәжірибе алаңы ретінде Қызылорда индустриалды-техникалық колледжі таңдалып алынды. Аталмыш оқу орнын таңдап алудың да өз ерекшелігі бар - колледж өңірдегі қызмет көрсету саласында мамандарды әзірлейтін бірден бір оқу орны. 1967 жылы техникалық училище ретінде құрылған колледжде соңғы 2 жылда «Тоңазытқыш-компрессорлық машиналар және қондырғылар», «Радиотехника және байланыс», «Телекоммуникациялық құралдар мен тұрмыстық техникаларды жөндеу және қызмет көрсету» секілді жаңа мамандықтар ашылды.
Жаңа жоба аясында колледж дуальдық оқытудың Жол картасына енгізіліп, оқу орнындағы «Тамақтануды ұйымдастыру», «Маркетинг», «Тоңазытқыш құрылғыларын жөндеу және қызмет көрсету» мамандықтарының бағдарламаларына өзгерістер енгізілді. 2014-2015 оқу жылында жұмыс берушілердің тапсырысы негізінде аталмыш мамандықтарға 75 студент қабылданып, бүгінгі таңда студенттер өндірістік тәжірибелерін Қауымдастық құрылтайшыларының кәсіпорындарында өтуде.
Білім саласына корпоративтік басқаруды енгізу техникалық және өндірістік білім беру бойынша қаржылық шығындардың тиімділігін арттырып, мамандарға аймақта сұраныстың артуына, сондай-ақ бітірушілерді жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.