Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы хатшылығының ұйымдастыруымен 2015 жылғы 11 ақпанда өзге ұлт жастары арасында «Тіл - татулық тірегі» атты облыстық байқауы болып өтті. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Байқауға Қызылорда қаласы мен Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан 18-30 жас аралығындағы 9 талапкер қатысты.
Байқауға қатысушыларды облыс әкімі аппаратының қоғамдық келісім орталығы директорының орынбасары Асылбек Жұмабаев құттықтап, сәттілік тіледі.
Байқауға қатысушылар «Тіл - татулық тірегі» атты бейнероликтер байқауы, «Мемлекеттік тілді білу - бұл ...» атты эссе байқауы, ауызша тапсырмалар бойынша өз өңірін қазақ тілінде таныстырып, «Ой жарыс» аталымында 2015 жылы өтетін барлық атаулы күндерге қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.
Байқауға қатысушыларға филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының профессоры Аман Абасилов, № 3 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Сайдалиева, Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Елена Рыбина азылық жасады.
Байқау қорытындысы бойынша Қызылорда локомотив пайдалану депосының машинист көмекшісі Геннадий Шиповских І орынды жеңіп алса, Жалағаш ауданы орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің мейірбикесі Виолетта Бондаренко ІІ орынды, Қазалы ауданы, Қ.Нұрмаханов атындағы №95 мектептің тәрбиешісі Наталия Баркова ІІІ орынды иеленді.
Ал, Қазалы аграрлық-техникалық колледжінің 3-курс студенті Михаил Шамин, Жаңақорған аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Евгений Метелев, Шиелі ауданы, №252 Г.Ковтунов атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Марина Чжен ынтандаландыру сыйлықтарына ие болды.
Байқауға қатысушылар дипломдармен, ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.
Облыстық байқаудың жеңімпазы ақпан айының 20-21-інде өтетін республикалық байқауға қатысады.