Бірнеше айдан бері көрерменнің көзайымына
айналған «Қазақстан дауысы» тележобасының екінші маусымы да өз мәресіне жетіп қалды.
Жас таланттардың жарқырауына сеп болған жобаның ақтық мәресіне санаулы ғана өнерпаз
шықты. Солардың бірі жерлесіміз Мақсат Мақұлбеков. Жартылай финалда тәлімгерін ғана
емес, елін тәнті еткен Сырдың тумасы финалда халық артқан сенімді ақтауға барынша
күш салатын болады. Осы ретте қызылордалық Мақсат Мақұлбековпен болған сұхбатты
назарларыңызға ұсынамыз.
− Мақсат, өзің туралы жанкүйерлеріңе айтып өтсең...
− Мен 1987 жылы 16 қыркүйекте Қызылорда қаласында дүниеге келдім. 1994 жылы №253 қазақ орта мектебіне 1-сыныпқа қабылданып, 2005 жылы бітірдім. Сол жылы Қазанғап атындағы музыкалық колледжіне түсіп, ҚР еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетованың сыныбынан білім алдым. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында халық артисі, профессор Ғафиз Есімовтің сыныбын тәмамдадым. Алғаш рет өнерге анам жетектеп әкелген. Онан соң ұстаздарым Тынымкүл, Ұлбосын апайларымнан да тәлім алдым. Колледж қабырғасында оқып жүріп, көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көріндім. Мәселен, 2007 жылы Қызылордада өткен 28 республикалық вокалистер конкурсында 1-орын, осы жылы Талдықорғанда өткен республикалық «Дельфийлік ойындары» фестивалінде 2-орын, сондай-ақ, Шымкент қаласында өткен «Романсиада» конкурсында арнайы дипломмен марапатталсам, сол жылы Астана қаласында өткен «Шабыт» фестивалінде «Үміт» сыйлығын алдым. Ал, 2012 жылы VІ Халықаралық Бибігүл Төлегенова атындағы вокалистер конкурсында ІІ орынға, дәл осы жылы Астана қаласында өткен «Шабыт» фестивалінде 3-орынға ие болдым. 2013 жылы Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім» ІІІ саз фестивалі аясындағы байқаудан 1-орын иегері атандым. Сонымен қатар, 2013 жылы Талдықорған қаласында өткен Мұқан Төлебаев атындағы конкурста 1-орынды, сол жылы Алматыда өткен халықаралық вокалистер конкурсында 3-орынды жеңіп алдым.
− Еңбек жолың қалай басталды?
− Алғашқы еңбек жолым А.Тоқмағанбетов атындағы облыстық филармонияда әншілік қызметтен басталды. Ол кезде колледжде білім алып жүрген болатынмын. Кейін білімімді жалғастыру мақсатында Алматыға келіп, бүгінде осындағы мемлекеттік Абай атындағы опера және балет театрында солист болып жұмыс жасаймын. Сондай-ақ, «Аңсар» тобының мүшесімін.
− Байқауға қалай келдің?
− «Қазақстан дауысы» жобасының бірінші маусымының іріктеу кезеңі Қызылорда қаласында өтпегендіктен өткен жылы қатыса алмаған едім. Бірақ келер жылы міндетті түрде қатысамын деген алдыма мақсат қойдым. Осы арманымның нәтижесі
бүгінде финалға жеткізді.
− Үнемі таңдауға түсіп қалып жүрсің. Сол кезде
тәлімгерің алып шығады. Сондай сәттерде қандай көңіл-күйде болдың?
− Иә, қалай болады екен деген ой туады. Бірақ мен
қандай жағдайға да өзімді іштей дайындап тұрдым. Дегенмен, тәлімгерім Медеу
Арынбаев көзі ашық, ең бастысы өнердің шын жанашыры, оны бағалай білетін
азамат. Маған қолдау көрсетіп, келесі кезеңдерде өнерімді көрсетуіме
мүмкіндіктер беруде.
− Осы байқаудағы басты қарсыласың кім деп ойлайсың?
− Анау мықты, мынау осал деп айта алмаймын. Барлығы да
жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар. Қай-қайсысы да ел ықыласына бөленуге лайықты.
Сондықтан ақтық мәреде бар күш-жігерімді салып, елім артқан үмітті ақтауға
тырысамын.
− Жанкүйерлерге айтарың бар ма?
− Мені осы уақытқа дейін қолдап, финалға жетуіме
тілектес болған өздеріңізсіздер. Шешуші сәтте де өнеріме демеу болып,
ұлдарыңыздың қадамына сәттілік тілеп дауыс берсеңіздер. Мен барша
жерлестерімнің үкілі үміті мен сенімін ақтауға уәде беремін.
− Әңгімеңе рахмет.
Сұхбаттасқан
Мейрамгүл
ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.