Қызылордада ҚХА жылы ашылды

Қызылордада ҚХА жылы ашылдыБүгін Қызылордада Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ашылды. Мерекеге арналған шаралар таң атысымен басталып кетті. «Сыр ана» монументінен басталған автошеру орталық алаңға дейін жүріп өтті. Түрлі спорттық сайыстар, ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.


«Тілі басқа - тілегі бір, жүзі басқа - жүрегі бір» барлық ұлт өкілдері осы күні орталық алаңнан табылды.

Мұнан соң салтанатты түрде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туын көтеру рәсімі өтті. Туды корей халқының ұлттық батыры Ге Бон У-дың ұрпағы Ге Хак Рим, Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының мүшелері М.Арифов пен И.Гафуров көтерді.

Ассамблея - татулық пен тұрақтылық, бірлік пен достық, келісім мен ізгіліктің символы. Жастар мерекеге орай флеш-моб ұйымдастырып, Ассамблея жылының логотипі белгіленген 500 шарды әуеге ұшырды.

Мерекеге арналған салтанатты шара Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрда жалғасты. Этномәдени бірлестіктер қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды.

Салтанатты шараға қатысқан аймақ басшысы ҚР Президенті - ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.

«Біз осы бір жылды өміріміздегі ең маңызды құндылықтар: Тәуелсіздік, еркіндік, бірлік, Қазақстан халқының бейбітшілігі мен келісіміне арнайтын боламыз. 20 жыл ішінде ҚХА шын мәнінде жалпыхалықтық, жалпыазаматтық, саясатүсті орган болып қалыптасты, Конституциялық дәрежеге жетті. Бүгiнде Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпыхалықтық өкiлдiктiң институты, азаматтық қоғамның авангарды болып отыр», - дейдi Н.Назарбаев.

Мерекелік шарада түрлі қойылымдар көрсетіліп, жергілікті өнерпаздардың ән-шашуымен жалғасты.

Жалпы, қаңтар айында мерекеге орай Сыр өңірінде 50-ден астам шара ұйымдастырылды. Ал бүгін «Мұз айдыны» спорт кешенінде облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Әкем, анам және мен - спорт сүйер отбасымыз» атты эстафеталық сайыс, И.Тоқтыбаев көшесінде базардан төмен бағамен ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.

Осы күні облыстың 7 ауданында, сонымен бірге, «ІІІ Интернационал» ауылы мен Төретам кентінде Ассамблея жылының ашылу салтанаты кең ауқымда ұйымдастырылып, Ту көтерілді. Сондай-ақ, барлық елді мекендерде мәдени-көпшілік шаралар өтуде. Оқушылар сарайында «Достық. Бірлік. Татулық» атты оқушылардың флеш-мобы, түзету мекемелерінде Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлерімен толеранттылық шаралары ұйымдастырылды.

Қоғамдық көліктерде, базарларда, ірі сауда орындарында, халық көп шоғырланған жерлерде Ассамблеяның қалталық күнтізбелері, буклеттер таратылуда. Ауруханаларда, қонақ үйлерінде Ассамблея жылының салтанатты ашылуының көрсетілімі ұйымдастырылды.

Кешкілік көпшілік мәдени серуен өткізілетін болады. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясына арналған шаралар жыл бойына жалғасатын болады.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 ақпан 2015 г. 701 0