Ауыл шаруашылық министрі Қызылорда облысында болды

Ауыл шаруашылық министрі Қызылорда облысында болды4 ақпанда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болды.

Министр алдымен Қазалы ауданындағы «Рза» АҚ-на қарасты тауарлы сүт бағытындағы ірі қара өсіру кешенінің жұмысымен танысты. Зауытқа Венгриядан асыл тұқымды 660 бас мүйізді ірі қара алынып, сүт өнімдерін өңдеуде. Қазір зауытта ауысымына 30 тонна сүт өнімдері шығарылуда. Алдағы уақытта кешендегі асыл тұқымды ірі қара малын 1200 басқа жеткізу жоспарлануда.
Мұнан соң ведомства басшысы Арал балық өңдеу зауытында болды. 2009 жылы іске қосылған кешеннің қуаттылығы жылына 6 мың тонна. Бірақ зауыт толық қуаттылығында жұмыс істеп тұрған жоқ. Басты себеп, зауыттың теңізден балық аулау үшін өткізілетін тендерге қатыса алмауында. Яғни, өңдеуге қажетті шикізат жоқ.
– Балықтың 20-ға жуық түрін өңдеуміз. Соның ішінде судақ, көксерке, бекіре секілді су маржандарына сұраныс жоғары. Шикізатқа тәуелді болмау үшін балық өсіретін питомник салуды жоспарлап отырмыз. Бастысы, мәселелерді шешуге министр ықпал ететінін айтты, - деді Арал балық өңдеу зауытының директоры Талғат Жұқашев.
Бұл зауыттың өнімі Ресей, Әзірбайжан, Грузияға экспортталып отыр.
Осы күні Ауыл шаруашылық министрі Жалағаш элеваторының жұмысын көрді. Өткен жылы мұнда 16,2 мың тонна күріш өңделді. Қазір тағы қосымша тәулігіне 150 мың тонна күріш өңдейтін зауыттың құрылысы жүріп жатыр.
– Күріш Сыр өңірінің негізгі дақылы. Бұл сала қолдаудан кенде қалып жатқан жоқ. Жалағаш элеватордың жұмысы ұтымды ұйымдастырылған. Шаруашылықтардың күріші егін науқаны басталмай жатып сатып алады. Шаруашылықтар күзде өнімін қайда өткіземіз деп алаңдамайды, - деді ҚР Ауыл шаруашылық министрі А.Мамытбеков.
         Осы күні облыс әкімдігінде Қызылорда облысының агроөнеркәсіп кешенінің дамуы туралы мәжіліс өтті. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары С.Қожаниязов егін шаруашылығын диверсификациялау және басты дақыл күріштің өнімділігін арттыру шаралары, мал шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселелері туралы баяндады.
         Облыс әкімі орынбасарының баяндамасын күрішші А.Ералиев және Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы И.Абішев толықтырды.
Жиналысқа қатысқан облыстың күріш өсірушілері көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Ең басты сұрақ суармалы суға қойылған тарифтің артуы.    Өзінің қорытынды сөзінде министр Мамытбеков ауыл шаруашылығы өнеркәсібіне мемлекет тарапынан барынша  қолдау көрсетіліп отырғандығын атап өтті. «Біздің шаруагерлер судың да тыңайтқыш,тұқым секілді тауар екендігіне әлі үйренген жоқ», - деді ол.
 – «Анығын айтар болсақ, суға қойылған тарифтің жоғарылауы мұндай бағалы табиғи ресурсты үнемдеу бойынша жаңа технологияларды енгізуге алып келеді. Ал бұл, өз кезегінде, шығарылатын өнімнің сапасын жақсартады. Мысалыға, күріш өсіруге арналған жерлерді скреперлермен тегістеген жөн.  Біз қажетті арнайы техниканы алуға қолдау көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ, тарифтерді жоғарылату – біреудің ойынан шығарған ермегі емес, бұл – каналдарды, шлюздерді және басқа да су шаруашылығы нысандарын қалпында ұстауға қажетті шара. Жалпы алғанда, Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнеркәсібі айтарлықтай алға жылжыды, жергілікті «Байқоңыр» ӘКК залалсыз қызметке көшкені де қуантады. Бұл басқа аймақтар үшін жақсы үлгі деп ойлаймын» - деді А.Мамытбеков.
Кездесу соңында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қызылорда облысы әкімдігі арасында ауылшаруашылығын диверсификациялау туралы және «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен облыс әкімдігі арасында ауыл шаруашылығы өнеркәсібін дамыту туралы меморандумдарға қол қойылды.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 ақпан 2015 г. 934 0