«Алғада» алға басқан тірлік көп

«Алғада» алға басқан тірлік көпӨткен жылғы атқарылған жұмыстардың жыл қорытындысын Қазалы ауданының әкімі Бахыт Жаханов Алға ауылдық округ тұрғындарына есепті кездесуін өткізді. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

40 жылдан бері бір де бір жаңа нысан салынбаған бұл ауыл үшін былтырғы жыл табысты болды. Бір жылда ауылдан жаңадан амбулатория, «Орынбет Ишан» мешіті және 150 орындық ауылдық клубтың құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Клубта ән-әуез және спорттық үйірмелер жұмыс жасайды. Клуб ғимаратына кітапхана орналастырылған.

Округте 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 17 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп отыр. Олардың 8-і шаруа қожалығымен, 9-ы жеке кәсіппен айналысуда. Округ орталығында 5 аралас заттар дүкені, 1 наубайхана, 3 дәмхана халыққа қызмет көрсетеді.

Былтырғы жылы мал басын көбейту үшін «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 4 адам «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» несие алды.

Осы бағдарлама бойынша дәрігерлік амбулатория және ауылдық клуб ғимаратының құрылыстарына 15 адам уақытша жұмысқа тартылды.

Округте «РЗА-Агро» ЖШС-ның №4 егіс бригадасы жұмыс жасайды. Өткен жылы 1145 гектар күріш, 120 гектар арпа, 170 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 130 гектар көне жоңышқа күтімге алынған. Сонымен қатар, «Ақмаржан» шаруа қожалығы жұмыс жасайды. 2014 жылы шаруа қожалығында 350 гектар күріш, 50 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 110 гектар көне жоңышқа күтімге алынған.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2 шаруа қожалығы 14,6 млн.теңге алып, жұмыс жасауда. Алдағы уақытта ауыл орталығын абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізу, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Тағзым алаңында» орналасқан Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев ескерткіші мен соғыста қаза тапқандар монументіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ауыл тұрғындары аудан әкімінің өткен жылғы атқарылған жұмыстарымен алдағы атқарылар жұмыстарына көңілдері толатындықтарын жеткізе отырып, көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды.

Атап айтар болсақ, 2017 жылы Кеңес Одағының батыры жерлесіміз Үрмәш Түктібаевтың 100 жылдығы және осы ауылдың құрылғанына 50 жыл толуына орай өз дәрежесінде атап өту жоспарға енгізілсе деген ұсыыныстар айтылды. Сондай-ақ аяқ суды үйге кіргізу, ауыз су құбырын сервистік жүйеге қосу және Әлсейіт көпірін салу мәселелері жөніндегі тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға аудан басшысы бұл жұмыстардың барлығы оң шешімін табатынын жеткізіп, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Бұл есепті кездесуге Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Бекжанов, облыстық мәслихат депутаты, аудандық мәслихат хатшысы, денсаулық, білім, құқық қорғау органдары және барлық сала басшылары қатысты.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 қаңтар 2015 г. 780 0