Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма төрағасы Болат Палымбетов Шұғыла мөлтек ауданы, З.Шүкіров көшесінен салынып жатқан 35 пәтерлік алты тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Айта кетейік, бұл тұрғын үйдің құрылысы «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының қаржыландыруымен қараша айында басталған болатын.
«Қолжетімді баспана 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынатын баспананың әр шаршы метрі 131537,4 теңге шамасында болады.
Қордың басшылығы құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, нысанды мерзімінен бұрын тапсырамыз дейді.
– Бұл бағдарламаның артықшылықтары көп. Баспана кезегінде тұрғандардың жалақылары талапқа сай келсе болғаны. Қызылордада 1 шаршы метріне айына 1200 теңге төлейді. Бір үй 30 шаршы метр болатын болса, айына 30 мың теңгеден астам қаржы төлейтін болады, - деді «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма төрағасы Б.Палымбетов.
Бүгінгі күні аталмыш қор Қызылордадан басқа Астана, Алматы мен Қарағанды, Шымкент, Ақтау және Өскемен қалаларында тұрғын үй құрылысының жобаларын іске асыруда. Осы бағдарлама аясында 2016 жылдың аяғына дейін елімізде қосымша 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үйлер пайдалануға берілетін болады.
Жергілікті басшылық тұрғын үйге мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында "Қазақстан ипотекалық компаниясы” "Самұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры” акционерлік қоғамымен бірлескен жұмыстарды одан әрі жалғастырмақ. Мәселен, Сәулет мөлтек ауданынан тағы жалпы ауданы 3,3 гектар жер телімі бөлініп, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы 9 бесқабатты тұрғын үй бой көтереді. Басқарма төрағасы жер телімінің орнын барып көрді. Қала әкімі Н.Нәлібаев жаңа тұрғын үйдің құрылыстары көктемде басталатынын айтты. Жақын арада құрылысы басталатын тұрғын үйдің жобалық құны 4,2 млрд. теңге. Бұл 490 отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, өткен жылы 900-ге жуық отбасы баспаналы болды. Биыл тұрғызылатын тұрғын үй өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артады.