Сырдария ауданында биыл әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі

Сырдария ауданында биыл әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледіБиыл Қызылорда облысы Сырдария ауданының Шаған ауылында 900 орындық мектеп, Нағи Ілиясов ауылында стадион және мешіт пайдалануға беріледі. Кеше ауданға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Қ.Көшербаев құрылыс барысымен танысты, - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Өткен жылы 69,2 миллион теңгеге Шаған ауылдық округінің орталық алаңы абаттандырылды. Су бұрқағы, жарық шамдары, мерекелік шара ұйымдастыруға арналған сахна ауылды ажарландыра түсті. Тұрғындар ауылдарының көркейе түскеніне дән риза. Бұған қоса, осы ауылда 900 орындық мектеп салынуда. Қазір құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталды.

- Ауылда халық саны артып келеді. Қазір 4500 тұрғын бар. Ескі мектеп тарлық етуде. Жаңа ғимарат балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Балалардың қарым-қабілетін, өнерін шыңдау мақсатында түрлі үйірмелер ашуды жоспарлап отырмыз, - дейді Шаған ауылдық округінің әкімі А.Атахаев.

Басты жаңалық Нағи Ілиясов ауылында 400 орындық стадион салынуда. Енді ауыл балалары топырақты шаңдатып емес, жасыл алаңда доп тебетін болады. Спорттық нысан мемлекеттік жеке әріптестік негізінде бой көтеруде.

Стадион осы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берілетін болады. Жасанды футбол алаңында балалар жыл он екі ай ала доптың қыр-сырын меңгермек.

Бұған қоса, спорттың бірнеше түрлерінен секциялар жұмыс жасайды. Қазірде бұл ауыл мен Қазақстан Еңбек Ері Абзал Ералиевтің есімі егіз ұғымдай. Өйткені, ұлттық брендті ұлықтап жүрген жан табысының қомақты бөлігін ауылын көркейтуге жұмсап жатыр. Осыған дейін, әлеуметтік нысандар жөнге келтіріліп, көшелер тақтайдай тегістелді. Енді ауылға мешіт салынып жатыр. 300 орынға арналған имандылық үйі бірінші жартыжылдықта пайдалануға берілетін болады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қаңтар 2015 г. 747 0