Ұлы Жеңісті ұлықтаған патриоттық әндер байқауы өтті

Ұлы Жеңісті ұлықтаған патриоттық әндер байқауы өтті Әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиеті, Жеңіс қамалын тұрғызған, бейбіт күнді туғызған жауынгер ата-бабаларымыздың есімі ешқашан да ұмытылмасы анық.

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс Туының тігілгеніне 70 жыл толып отыр және осы атаулы мерекені ұлықтау мақсатында Қашақбай Пірімов ауылдық клубында «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты тақырыпта патриоттық әндер байқауы өткізілді. Бұл туралы Қазалы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шараны Құмжиек ауылдық округінің әкімі Тастайбек Сермаханов ашып, Жеңіс күнін жақындатқан ардагерлердің ерлігін өнеге етіп, жиналған халықты атаулы мерекемен құттықтады.

Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың борышы мен парызын баршаға музыка әуенімен жеткізу басты мақсаты болған байқауға 17 өнерпаз қатысты. Олар бірінші кезеңде соғыс жылдарындағы әндерді орындаудан сайысты, ал екінші кезеңде өз таңдаулары бойынша еркін тақырыптағы әндерді орындады. Қатысушы талапкерлердің орындау шеберлiгiне, әннiң оранжировкасына, сахна мәдениетiн игеруіне, киiм кию үлгісіне назар аударылды. Орындаушылардың өнерін таразылап, қас өнерді бағалауда аудандық мәдениет орталығының директоры Кемеңгер Өтеп, Әйтеке би кенттік клубының меңгерушісі Кенже-Әлі Асқар, Қазалы қалалық мәдениет үйінің директоры Әзілхан Мақсатбаев төрелік жасады.

Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Ү.Түктібаев ауылынан қатысқан талапкер Әмір Сариев иеленсе, бірінші орынды Кәукей ауылының өнерпазы Гулжайна Көбекова, екінші орынды Әйтеке би кентінен - Ақерке Зинедин, үшінші орынды Басықара ауылының талапкері Тұрсынай Жұматай еншілді. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бір топ өнерпазға ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Бейбітшілікті, жер тұтастығы мен ел бірлігін насихаттауға арналған мәдени шара жоғары деңгейде өткізіліп, көрермендердің көңілінен шықты.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қаңтар 2015 г. 1 312 0