Қазалы ауданы бойынша «Жастарды қолдау орталығы» Қазалы аудандық бөлімінің ұйымдастыруымен «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Елбасының жыл сайынғы халыққа арналған Жолдауын жастар арасында насихаттау, кеңінен түсіндіру, сонымен бірге құрылыс жасағына ауыл жастарын тарту және «Жастарды қолдау орталығы» Қазалы аудандық бөлімінің атқарған жұмыстарының есебін беру мақсатында ауылдық округтердегі жастармен кездесулер өткізілді.
Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Алдымен Арықбалық ауылдық округі жастарымен кездесу өткізілді. «Жастарды қолдау орталығы» Қазалы аудандық бөлімінің басшысы Олжас Ахметовтің баяндамасы тыңдалып, келесі еркін пікір алмасу кезеңінде ауыл жастары өз ойларын білдірді. Ауыл әкімі Қайрақбай Орынбасаров өз кезегінде ауыл жастарының шығармашылығын көтеру үшін жиі-жиі келіп, әр түрлі бағытта шаралар өткізуді сұрады. Жиын соңында ауыл жастарына үнемі қолдау көрсетіп, бағыт бағдар көрсетіп жүрген ауыл әкімі Қайрақбай Орынбасаров аудан жастарының «Жастар жанашыры» аталымында марапатталды.
Содан соң Майдакөл ауылдық округі жастарымен кездесу өткізілді. Жиылған жастар атқарылған жұмыстардың есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, өз ойларын ортаға салды. Яғни, Бекарыстан би ауылы жастарының жетекшісі Бауыржан Ізмағамбетов ауыл ішіндегі ұйымдастырылған аудандық шараларды насихаттауға қолдау көрсетуді сұрап, сонымен бірге жастардың құлшынысын арттыратын шаралар ұйымдастырылса деген тілектерін жеткізді. Сонымен бірге Елемес Қырмызы ауыл жастарын белсенділікке шақырса, ауылдың оқушы жастарының бірі Нұрсезім Тілеубергенова Олжас Кенжебайұлына осындай жастар саясаты жолына қалай келдіңіз деген қызықты сұрақтарын да қойды. Жиын соңында Бекарыстан би ауылының жастарының алдыңғы легінде көрініп, жақсы жұмыс көрсетуіне қолдау білдіргені үшін ауыл әкімі Өтеп-Әлі Өміртай аудан жастарының атынан «Жастар жанашыры» аталымында марапатталды.
Келесі кездесу Алға ауылдық округі жастарымен өткізілді. Аталмыш кездесуде ауыл жастары ерекше ықласпен тыңдап, өз жоспарларымен бөлісіп, ұсыныстарын білдірді. Кездесуден соң Ү.Түктібаев ауылының ақсақалы Ұлы Отан соғысының ардагері Құлмұрат Іздікбайұлы Бақбергеновтің шаңырағында болды. Мақсат - соғыс ардагерін алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесімен құттықтау. Кездесу барысында Құлмұрат ақсақалдың әңгімесін тыңдап, ақ батасын алды. Құлмұрат Іздікбайұлы 1922 жылы Қазалы ауданы Жаңабасшылық колхозы Жаңабай батыр ауылында дүниеге келген. Соғыс жылдарында Ленинград және Прибалтика майданында болған. Ал 1945 жылдан 1950 жылға дейін НКВД арнайы полкінде Эстония, Латвия, Литва елдерінде қызмет атқарды. Кездесу соңында соғыс ардагеріне аудан жастарының атынан шапан жабылды.
Содан соң жастар сол ауылдағы еңбек ардагері, Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Түлкібай Мұқанов ақсақалдың отбасында болды. Өз кезегінде Түлкібай Мұқанов Елбасының жастарға деген сенімі зор екендігін, сендер жастар тек сол қолдауларды дұрыс іске асыруларың керек, оқушы жастармен де сапалы жұмыс жасағандарың дұрыс деген пікір білдіріп, алдағы уақытта ел дамуы үшін аянбай еңбек етулеріне тілектестігін білдірді.