Қызылорда облысында қаңтар айының 19-21 аралығында кең көлемде «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы өткізілуде,деп хабарлады ОІІД баспасөз қызметінен.
Іс-шараның басты мақсаты - аймақ көлемінде өршіп отырған мал ұрлығы қылмыстарының жолын кесу, ізін ашу және алдын алу. Үш күнге жалғасатын шараға орай арнайы жұмыс тобы құрылып, ішкі істер органдарының барлық бөліністері мен қызметтерінің жеке құрамы жұмылдырылды.
2 күндік жұмысы нәтижесінде 6 мал ұрлығы қылмысының беті ашылды. Мәселен, Қазалы ауданы, Түктібаев ауылының тұрғыны осы елді мекенге қарасты «Қызыл-Оқпан» мал жайылымынан өткен жылдың қаңтар айында 1сыйыр, ал шілдеде 2 сиыр ұрлап, жалпы құны 450000 теңге көлемінде залал келтіргендігі жөнінде арызданған болатын. Осы екі дерек бойынша, жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 1985 жылы туылған ауыл тұрғыны ұсталды. Аталған азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188/1-бабы бойынша іс қозғалып, орын алған басқа да мал ұрлығы қылмыстарына қатыстылығын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ, Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылының тұрғыны «Баспақ қора» мал жайылымдық жерде жүрген 2 бас сиыры қолды болғандығы, нәтижесінде 300000 теңге көлемінде шығын келгендігі жөнінде арызданған болатын. Аталған дерек бойынша күдікті ретінде 36 және 35 жастағы аудан тұрғындары ұсталып, ҚР қылмыстық кодексінің 188/2-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Өткен жылдың желтоқсан айында Арал ауданы, Бөген елді мекенінің тұрғыны өріске бақташысыз айдап жіберген 17 ешкісінің ұрланғаны, 245.000 теңге көлемінде шығын келтіргені жайлы арыз берген. Жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп, Арал ауданына қарасты Аманөткел ауылының тұрғыны 44 жастағы азамат күдікті ретінде ұсталды. Оның ауласынан 17 бас ешкі табылды, күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 188/2-бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетерлік жайт, мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, ашу және болдырмау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде қылмыстың ашылуы 2013 жылы 60,9 пайызды, 2014 жылы 63,0 пайызды құрап, біршама жақсарғанын көрсетіп отыр.
Осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, полиция қызметкерлері бөтен мүлік ұрлығының алдын алу мақсатында облыс тұрғындарына малдарды қараусыз жібермей, күзетті күшейту керектігін және жергілікті тұрғындар арасында сенімге ие адамға немесе бақташыға тапсыруын сұрайды. Себебі, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс көлемінде 147 ауылдық округтің тек 66-сы ғана бақташымен қамтылғаны анықталып отыр.