Сербияның Суботица қаласында қыздар арасында IV Ұлт Кубогы жолындағы бокс турнирi аяқталды. Әйелдер арасында бокстан ІҮ Ұлт Кубогы өткен турнирде қазақстандық спортшылар жақсы әсер қалдырды. Аталмыш турнирге жас ерекшеліктеріне қарай үш топта әлемнің он елінен спортшы қыздары жиналды.
Еліміздің жасөспірімдері мен ересек қыздар тәлімгерлерін қуантып, турнирді сәтті аяқтады. Бойжеткен қыздар арасында өткен додада қазақстандық боксшылар жалпыесептiк 3-орынды иелендi. Ал Қызылорда облысынан шыққан Әйгерім Ошақбай (57 кг), Назым Ещанова (60кг), Аида Әбікеева (64 кг), Баян Ақбаева (69 кг) және Аида Оңдаш (81) сынды спортшылар турнирдің жеңімпаздары болды.
Тағы екі спортшы екінші орынды қанағат тұтты. Ал жастар құрамасы барлығынан да көп жүлде алып, жалпы есепте бiрiншi орын алды.
Отандық бокстың жастар арасындағы тобы турнирде сонымен қатар жүлделер санымен өзге елден келген спортшыларды баса озып, жалпы есепте бірінші орынға ие болды. Осылайша, Қазақстан делегациясы бiр қола және бiр алтын кубок, сондай-ақ бас жүлде - IV Ұлт Кубогiн жеңiп алды.
Қызылордалық Аида Оңдаш финалда қытайлық спортшыны тізе бүктіріп, алтын жүлдені иеленді. Сондықтан Сыр елінде сенімді түрде Марина Вольнованың жетістіктерін жалғайтын ержүрек қыздардың бар екенін сеніммен айтуға болады.
Шынар БЕКБАН