Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен өнерпаз жастардан құралған ақпараттық-насихаттық топ Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауын насихаттау бағытында шалғай елді мекендер: Бекарыстан би, Ү.Түктібаев, Қожабақы, Өркендеу, Басықара ауылдарының тұрғындарына арнайы дайындалған концерттік бағдарлама ұсынды. Бұл туралы Қазалы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазалым - наз әнім» атты мәдени-үгіт керуенін ұйымдастырушылары аудандық мәдениет орталығының директоры Кемеңгер Байназарұлы бастап барды және Елбасы Жолдауына қолдау білдіріп, аудан мәдениетін дамытуға лайықты үлес қосатындықтарын білдірді.
Ауыл тұрғындарына арнайы дайындалған концерттік бағдарлама бойынша «Қазалы қалжыңы» ойын-сауық отауы интермедиялық қойылымдарын көпшілік назарына ұсынса, «Мелодия» вокальды-аспаптар ансамблінің өнері де жұртшылық көңілінен шықты. Сондай-ақ, Жәнібек Құтмаханов құйқылжыта терме орындады, Балқыз Өмірзақ күй шертіп, Индира Рсалиева мың бұралған биімен +халықтың ықыласына бөленді.