Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде жалпы ұлттық «Казахстанская правда» газеті журналисттерінің музей директоры Дархан Мыңбаймен кездесуі өтті, деп хабарлады музейдің баспасөз қызметі.
ҚР Ұлттық музейінің директоры «Республикалық «Казахстанская правда» газеті» АҚ Басқарма төрағасы Александр Тараковты және басылым ұжымын газетттің 95 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Журналисттер еліміздің басты музейі туралы ақпарат пен өз сұрақтарына толық жауаптар алды.
Сонымен қатар, Дархан Мыңбай мынадай маңызды мәлімдеме жасады. «Таяуда «Ұлттық музейге сый» атты акция басталады. Бұл акцияның мақсаты Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне құнды тарихи артефакттарды еліміздің тұрғындарының тегін табыстауын ұйымдастыру. Біз бұл акцияны кеңінен жандандырып сыйға тартушылар туралы мәліметтерді жариялайтын боламыз. Біздің міндетіміз - түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықтың мәдени деңгейін көтеру. Біз қазақстандық отбасылардың арасында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан жәдігерлердің тиісті деңгейде сақталмай жоғалып кетуі мүмкін екенін айтқымыз келеді. Уақыт өткен сайын барлық материалдар өзгеріске түсіп бүлініп жатады. Ал бізде оларды сақтауға және көрсетуге барлық жағдайлар жасалған», - деді Д.Мыңбай.
Газеттің Қызылордадағы меншікті тілшісі Юрий ЛИ Ұлттық музейге облыстың әкімшілігі атынан белгілі жырау Тұрмағамбет Ізтілеуовтың 1936 жылы қазақ тіліне аударған Фирдоусидің «Шаһнамасының» музыкалық антологиясын сыйға әкелді. HD нұсқадағы 48 дискіден тұратын ұзақтығы 68 сағаттық дастанның аудио нұсқасын жасау үшін 22 жырау еңбек еткен.
Қонақтар үшін экскурсия жүргізілді.
Еске сала кетейік, музейде жалпы саны 160 888 экспонат бар. Олардың ішінен 12 847 экспонат музей залдарына қойылған. 148 041 экспонат музейдің қорсақтамаларында сақтаулы. 39 400 экспонат - уақытша сақталатын экспонат.
Ұлттық музей ашылған 2014 жылдың 2 шілдесінен 2014 жылдың 31 желтоқсанына дейін музейге 124618 адам келді, олардың арасында Австралия, Австрия, Ұлыбритания, Испания, ҚХР, Италия, БАӘ, Ресей сынды және т.б. 32 шетелдері де бар. 3596 экскурсия жүргізілді. Музейде 12 экскурсия жетекшілері жұмыс жасайды. Экскурция 4 тілде жүргізіледі (қазақ, орыс, ағылшын, қытай).
Шетелдік музейлер мен музей ұйымдарымен 17 ынтымақтастық меморандумы жасалды.
2014 жылы 9 көрме (оның ішінде бесеуі халықаралық) және 8 конференция және басқа да ғылыми шаралар өткізілді.