Қараша айының 12-ші жұлдызында таңғы сағат 4-тен 40 минут кеткен шамада облыс орталығының "Ақмешіт" мөлтек ауданындағы "Гелиос" май құю бекетінің кассирі И.Н. қапияда көз жұмды.
Бұл туралы қала тұрғындарының бірі ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығына телефон арқылы хабарлаған. Оқыс оқиға орын алған мезетте бекетте қос кассир мен жанармай құюшы жұмысшы және "Найза-Күзет" агенттігінің күзетшісі кезекшілікте тұрған.
Кассир Е.Ж. ауысымға түскен ақшаны санау сәтінде бекетке беттерін тұмшалап алған қос азамат кіріп келген. Олар қолдарындағы қос ұңғылы шолақ мылтықпен оны қорқыту арқылы кассадағы 800 мың теңгедей қаражатты тартып алып, бой тасаламақшы болған. Осы кезде бөлмеге кіріп келген екінші кассирді қарақшылардың бірі кеуде тұсынан атып, іздерін суытқан. Ал ауыр дене жарақатынан И.Н. оқиға орнында көз жұмған. Оған сот-дәрігерлік сараптамасы тағайындалыпты.
Жан түршігерлік осы оқиғаға орай облыстық ішкі істер басқармасының қызметкерлерінен шұғыл топ құрылып, жедел іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Департаменттің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, қазіргі таңда ҚР қылмыстық кодексінің 96-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде көрінеді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.