2014 жылы Қызылорда облысында білім жүйесінің нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге 3 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалды, деп хабарлайды
BNews.kz тілшісі.
«Биыл 58 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. 46 мектеп, 9 балабақша, екі жазғы лагерь мен Оқушылар сарайы жөнделді», - деп мәлім етті білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын іске асыру аясында Қызылорда облысының білім беру жүйесінде бірқатар жұмыстар атқару көзделіп отыр.
«Мемлекет басшысы онда апатты жағдайда тұрған мектептер мен үш ауысымды оқыту проблемаларына назар аудартқан болатын, - дейді Байқадамов. – Үкіметке бұл мәселелерді шешуге қосымша қаражат бағыттау тапсырылды. Тағы бір өзекті проблемалардың бірі – балабақшалардың жетіспеушілігі. Әкімдер барынша бұл жұмысты қолға алулары қажет. Біздің аймақта жоғарыда аталған мәселелер оң шешімін тауып келеді. Білім беру жүйесіндегі жетістіктердің бірі мектептерде үш ауысымдық оқудың жойылуы болып отыр. Апатты жағдайда тұрған мектептерге қатысты айтар болсақ, облыс бойынша олардың саны жиырма бесті құрайды. 2014 жылы облыстық бюджеттің қаржысы есебінен он үш мектептің құрылысы басталды, олардың алтауы пайдалануға берілді. Қалғандары осы жылы ашылады. Тұтастай алғанда Қызылорда өңірінде апатты мектептер проблемасы 2016 жылға дейін жойылады деп күтілуде».