Жаңа жол жүру ережесіне сәйкес полиция қызметкерлері көліктерді тек жол ережесін бұзған кезде ғана тоқтатуға құқылы.
Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Қанат Сәдуақасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көлік құралдарын себепсіз тоқтатуға заңмен тыйым салынған. Автокөлікті тоқтатудың себептерін түсіндіру бойынша талаптар жол қозғалысы ережесінде және «Жол жүрісі туралы» заңда қамтылды», - деді басқарма басшысы.
Атап айтқанда, инспектор көлікті тоқтатқан кезде оның себебін түсіндіруі тиіс. Сонымен қатар осы үдерістің барлығын бейнетіркеуіш бақылайтын болады.
Осы орайда ІІМ өкілдері егер инспектор көлікті себепсіз тоқтататын болса, ол тиісті жазасын алатындығын қадап айтты. Тиісті шағымдарды азаматтар сенім нөміріне телефон шалып, хабарлай алады.