Мінез жерік асқа тартады

Мінез жерік асқа тартадыБала мінезі анасының жерік асына тартады…Қазақ тәжірибесінде ауыр аяқ, екі қабат әйел ертелі-кеш әйтеуір бір тағамға жерік болады. Мәселен кейбір ана төрт-түлік малдың етіне, кейбір ана аң мен құстың етіне, кейбір ана жеміс-жидек сынды тәтті шырынды нәрселерге, көк тат тәрізді жемектіктерге, кей ана ащы бұрыш басқа да ащы тұщы нәрселерге, қышқыл кермек жемектіктерге, кей ана ойда жоқ қай қайдағы қиын қиырдағы қол жетпес нәрселерге жерік болады. Кейбір аналар жыртқыш аңдар етіне, кей аналар топырақ, күл тәрізді ұсақ түйек нәрселерге құмартады.

Жә. Қызығы да, қиыны да сол, бір асқа жерік болған ана сол жерік асын жегенше күні-түні көксейді. Аңсап-асығып тұрады. Аңсаған асқа аңсары ауа береді. Сілекейі шұбырады, ұйқысы қашады,. Ойы бұзылады. Қарадай бағасы кетеді. Мінезі өзгереді. Жерік асын қашан бір тауып жесе, сонда жерігі қанады. Көксігі басылады. Жерік асқа ауған аңсары тоқтайды. Көңілі жай табады, бойы кеңиді. Ойы сергиді. Жайбарақаттанып қалады. Мұны қазақ «әйел жерігі», «жерік асы», «жерік немесе көксік», «көксеу» деп атайды.

Қазақ азаматтары әйелі бір асқа жерік болған күннен бастап, сол жерік асын қайдан болса да тауып әкеліп жегізеді. Өйткені жерік асын қанып жемеген, жерігі қанбаған, көксігі басылмаған әйелден жетесіз бала туады. Ол баланың ерні жырық, мұрны тәпмпіш, таңдайы шұңқыр, қол-аяғы қиясық, бос сүйек, әлсіз болады деп ұйғарады. Сондықтан жерікті әйелге ерекше көңіл бөледі, бөлекше назар аударады. Қандай қиын жағдайға қарамастан, әйелінің жерік асын іздеп тауып жегізеді.

Ал әйелінің жерік болған асы – арқар, құлжа, бөкен, қарақұйрық, тауешкі, елік, бұғы сынды бейуаз қоңыр аңдардың еті болса, онда қасына жолдас-жораларын ертіп, қару жарағын асынып, тазысын алып аң аулауға шығады. Құдай қалап, сол аңды атып алса, үйіне әклген соң аңның қаракесек етін күлдей ұсақ етіп турап, жұмсақтап былқытып қуырады. Қалған сүйек-саяқтарын қазанға асады, ауылдағы көрші–қолаңдарын шақырып, өзімен бірге аң аулауға барған достарының әйелдерін жерік асын бірге жесуге шақырып, дастарқан әзірлейді. Яғни, «жерік ас» деген атпен дастарқан мәзірін өткізеді. Осы құрметке жиналған әйелдердің арасынан көпті көрген, көнекті тескен, көнені білген бір кейуана ақ білегін сыбанып тастап, дастарқан мәзірін басқарады. Жерік әйелге дайындаған бақырдағы қуырдақ пен қазандағы еттен басқалар ауыз тимей тұрғанда астың алдын бөлек алып ең алдымен сол үйде жерік болып отырған әйелге береді. Егер жерік әйелден бұрын басқаларға ауыз тиіп қойса, жерікті әйел шала бала туады немесе түсік тастайды деп ырым етеді. Жерікті әйел қашан бір жерік асын жеп, терлеп-тепшіп жерігі қанып, көні көншіп, зарығы басылып болғанша басқа келген қонақтар ол астан ауыз тимей әңгіме дүкен құрып отыра тұрады. Кейуана жерік асты жеп отырған жерікті әйелдің қасына келіп, жерік асы туралы, жерік туралы өлең-жыр айтып жерікті әйелдің тілеуін тілейді, батасын береді.

Жерік-жерік жерден шық,
Жерігі қанса көктен шық.
Жерігі қанған балақай,
Басқа баладан өктем шық.

Жерігі қансын,
Бағы жансын
Тілеген тілегін
Алла қабыл қылсын.

Жолы жарық ашылсын,
Көксігі дереу басылсын.
Көксеткен көксеу жерігі
Жақсылық болып жазылсын.

Құрсақтағы бөпе айдай толсын,
Ақырына дейін аман болсын.
Анасы мен баласының денсаулығы
Қортылған мықты құрыштай болсын.

Жерік ырымы құтты болсын,
Дастарқанға ырыс болсын.
Бай дәулетін берсін,
Артынан азамат ерсін.

Келген аяғымыздан құт қонсын.
Туылар бала ұл болсын.
Жеген жерік асыңа
Ақ білекті жол болсын.

Жерік-жерік жегізсін.
Жерігің жетерлі дегізсін.
Жерік асытң артынан,
Сегіз ұлды ергізсін.

Міне, осы ақ тілек жарма жүрек сөзден кейін әлгі жерікті әйел терлеп-тепшіп отырып, жерік асын жейді. Қанып, сорпа-суын ішеді. Сосын барып балбырап, тәтті ұйқыға кетеді. Алпыс екі тамыры түгел иіп, топса-топсасы босайды. Дидары нұрланады, жерігі басылады.
Мұнда тағы бір назар аударар мәнді мәселе, кей ананың жерігі бір жолғы жерік асымен басылады. Тас түйін жерігі тоқтап қалады. Тоқырап тынады. Кей ананың жерігі екі-үш күнге созылады. Кей ананың жерігі бір жұма не бір айға жалғасады. Кей ана ұқсамаған бірнеше түрлі асқа арты-артынан жерік болады. Бірінен соң бірін жеп барып, жерігі басылады. Мұны қазақ «жұпты жерік» немесе «қайталама жерік» болмаса «созылмалы жерік» не «жарыспалы жерік» деп те атайды.
Иә, жерік дегеніміз не? Оның көксікпен қандай байланысы бар?

Әйел жүкті болғаннан кейін оның құрсағындағы бөбегі суретке айналғаннан бастап ана денесіндегі дәрумендермен қажетті қоректіктермен қоректене бастайды. Іште жатып-ақ сол қоректіктермен тоғыз ай, тоғыз күн қоректеніп өседі. Кей ананың денесіндегі керекті дәрумендер іштегі баланың өсіп жетілуіне, азықтанып, ауқанттануына жетіспейді. Не мүлде жоқ болуы да ықтимал. Жаңа ғана адам суретіне айналып келе жатқан бөбек ана денесінен таба алмаған азығы н ендігі жерде сыртан іздейді. Осы кезде іштегі баланың қажет еткен дәрумендерін анасы өз денесімен қамдап бере алмайды. Бала көксігіне қарай қажетті бір асқа жерік болады. Аңсары ауады. Көксікті ас іздейді, жегісі келеді. Тоқ етерін айтқанда, жерік асы — әйелдің организмінде жоқ не мүлдем кем дәрумендер болып табылады. Мұны қазақ «ананың жерігі», «іштегі баланың көксігі» деп атайды.
Иә, дана қазақ, дара қазақ қандай «жерік», қандай «көксік» болса да, сол асты қайдан тапса да тауып жегізуге, жерік пен көксікті басуға тырысады. Егер жерік өтіп кетсе жерігі қанбаған әйелден мінезі шадыр, кем бала туылатынын біледі, ырым етеді.

Ата қазақта осыған орай туған мынадай мақал-мәтел бар. «Көксігі қанбаған әйелден «көк соққан ұл» туады», «Жерік асын жемеген, жерігі қанбаған әйелден жетесіз кем-кетік ұл туады», «Жерік асын жеген – жетілер, жерік асын жемеген – кетілер», «жерік асын жеген әйелден жетелі ұл туады, жерік асын жемеген әйелден жырық ерін қыз туады», «Жерікті әйел желкілдеп тұрмайды, жеріксіз әйел бұған ұқсамайды.», «Жерікті әйел ас таңдайды, жеріксіз әйел мұны аңдамайды», «Жерікті әйел жерігін жегенше қаншардай қатады, жерік асын жеген соң балдай ұйқыға батады», «Жерік желкілдетер, көксік көкшеңдетер» деген сөз тіркестері жерікті әйелдің дара табиғатын айшақтап, аша түседі. Ас таңдап, дәм талғап жейтін дара мінезін көрсетеді, көрнектілендіреді.

Жерік асы – тума мінезді қалыптастыратын ең негізгі фактордың бірі. Сүтпен бітіп, сүйекпен кететін адамның дара табиғатын тасқа басқандай танытатын, бітімдер мен пішіндерді, жан мен тәнді айқындайтын, мінез бен сырды сырмалдайтын, адам қасиетін қалыптастыратын, кие мен иені көрсететін аса көрнекті астың бірі саналады. Алдағы уақытта біз жерік асының қыры мен сырын өткендегі тарихта өткен ата-бабаларымыздың басынан өткен оқиғаларынан алып, жазатын боламыз.

Болат БОПАЙҰЛЫ
Ана тілі
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қаңтар 2015 г. 996 0