Бұл күнде біз қазақша күн қайыруды қаншалықты білеміз? А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Әмірбекованың "Ана тілі" газетінде жарық көрген материалын оқырмандар біле жүрсін деген ниетпен қайта жариялағанды жөн көрдік.
Соғымбасы
Табиғаттың қатал мінез танытып, үскірікті, аязды болып келетін мезгілі бұл қыс мезгілі екені белгілі. «Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды» деп Абай атамыз айтпақшы, машақаты көп қыс мезгілі туралы халқымыздың ауыз әдебиетінде, жыр-дастандарында да көптеген бейнелі теңеулер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, тұрақты сөз тіркестері молынан кездеседі. «Сөзтанымның» осы шығарылымында соларға арнайы тоқталатын боламыз.
Бәрімізге үйреншікті жайт, ол қыстың, әдетте, көбінесе қаталдау кейіпте суреттелуі. Себебі малмен жан бағып, тіршілік кешкен қарапайым шаруа адамы үшін боранды-бұрқасынды, ызғарлы да суық қысқа төтеп берудің өзі ерліккке бара-бар дүние. Төрт түлікті кәсіп еткен, табиғатпен етене жақын өмір сүрген, ауа райының құбылыстарын жетік танып, болжай білген халқымыз тұрмыс-тіршілігін ашық аспан астында атқарғаны белгілі. Демек, қытымыр аязды қыс мезгілінде малдарын еріксіз қораға қамап ұстауы, суықтың беті қайтқанша үйде болуы шаруа адамы үшін аталған мезгілдің бейне бір тұзағына түсіп қалғандай әсермен тең болған.
Қыс жаз бен көктемдей емес, бұл шақта дала өзгеше реңкке еніп, ысқырған аязды желдің, анда-санда қарқ еткен қарғаның, адам аяғы басқан сықырлаған күртік қардың үнінен басқа құлаққа жағымды ештеңе естілмейді. Ал сайраған құстар мен ызыңдаған масаның, шырылдаған шегірткенің дауысы, бұлақтың сылдыраған үні тек қыс бітіп, құлпырған көктем, жайнаған жаз келгенде ғана естіле бастайды. Демек, қыста күллі тіршілік атаулы құрсауланғандай күйге енеді. Сондықтан болса керек, қазақ халқында Батыс Еуропа халықтарындағыдай тойланатын «рождество», «жаңа жыл», «ескі жылды шығарып салу», «масленница» сияқты мерекелер көп емес. Бірақ бүкіл ауыл болып, қауым болып мән беретін, өзіміздің салтымызға негізделген мерекелік дәстүрлеріміз де жоқ емес. Солардың бірі – Соғымбасы.
«Соғымбасы» деп аталатын мереке – қыстың алғашқы күнінде түскен қалың қар қатып, аяз басталған сәттен бастау алады. Этнографиялық деректерге сүйенетін болсақ, қатал қыстың құрығынан мал-жанын аман-есен алып шығу үшін, алдымен, қыс иелері – калтырауық қамар кемпір, оның екі ұлы Ақпан, Тоқпан және аяз иесі – Әз мырзаға арнап «Қыстың мойыны қысқа болсын, шаруаның мойыны ұзын болсын» деп құрбандық шалып, рәсім етілетін той ретінде танылған. Осы тойда үлкендер жыршылардың қисса, дастандарын тыңдап, жастар көктем мен жаз құстарының дауысын салып ән айтқан, ал балалар болса, қалың қардан ақпан-тоқпан бейнесін сомдап, аққала жасап көңіл көтеретін болған екен. Соғымбасында үш айға азық болатындай жылқы малы, ірі қара немесе бірнеше қой сойылған. Соғым сойылған үй иелері бір-біріне қыдырып барып, қуырдақтан дәм татып, алты ай қыстың дайындық қамы туралы ой бөлісіп, әңгімелескен. Тіпті алыстағы ағайындарын соғымбасыға шақыру дәстүрі де қалыптасқан.
Сол сияқты қазақтың қысқы мерекелік дәстүрінің қатарына Салбурын салтын жатқызуға болады. Салбурын – қыс маусымында аңшы, саятшылардың топталып, бірнеше күнге аң аулауға шығу салты. Саятшылыққа жаны құмар қазақтар үшін қан сонарда аңға шығу, одан олжалы оралу қысқы мереке ретінде танылған.
Бозқыраудың амалы
Дала қазағынан асқан синоптик пен астроном жоқ десек те болады. Себебі аспан денелеріне қарап, күн райын дәл анықтау, төрт түліктің әрбір қимылын бақылап, ауа райын болжау жай ғана наным-сенім, ырым емес. Қазақтың айдың шалқадан немесе тік тууына қарап, жұлдыздың жоғары немесе төмен тұруына қарап, малдың үркуі, қорадан шығуы, шықпауы, мазасыздануы, өрістен ерте немесе кеш қайтуы сияқты әрекеттеріне қарап жыл мезгілінің қандай болатынын алдын ала болжау тәжірибесі еш уақытта алдаған емес. Ендігі кезекте ұлттық дәстүрімізде қалыптасып, мәнін жоймаған қыс мезгілінің амалдарына көшейік.
Бозқыраудың амалы. Қазан айының 20-21-лері шамасында күн райы салқындай бастайды. Бұл құбылыс «бозқырау» деп те аталған. Бұл суықта алғаш рет көкті үсік шалып, су бетіне қаймақ мұз тұрады. Осы айдың 20-25-і шамасындағы қардың көрінуін «ұшқын» деп атаған. Қыс ұзаққа созылатын жылдары қарашаның 4-5-інде қар түсіп, жатып қалады. Осы айдың 17-19-ы шамасында қай жылы болмасын жылымық болып, кейде жаңбыр жауатынын есепшілер күні бұрын хабардар етіп отырған.
Қырбастың қызылы. Желтоқсанның басында болатын алғашқы аязды жұрт «қырбастың қызылы» деп атайды. Қар қалың әрі тұтас түскеннен кейінгі болатын алғашқы аяз күндері осылай аталған. Болжаушылардың айтуынша, Қырбастың қызылы үш-бес күнге созылып, сонан соң аяздың беті қайта бастайды. Бұл күндері қолдағы малды аяз беті қайтқанша өріске тым ұзатып жаймайды.
Текебұрқылдақ. Желтоқсанның соңғы онкүндігінде қазақ даласында қатты боран соғады. Дәл осы кезде киік текесі маталады, яғни ұрғашы киіктерді қашырады. Бұл екі-үш күн ішінде аяқталады. Мамыр айының аяғында киіктердің лақтауы 2-3 күннен әріге созылмауы да осыдан.
Күннің таласуы. Халықтың айтуында «күн бойы көтерді» дейтін уақыт қаңтардың алғашқы күніне сәйкес келеді. Бұл кезде ауа райы өзгереді. Қар жауады немесе сырғыма жүреді.
Қыс шілдесі. Қаңтардың соңғы күндерінде қыс күшіне енеді. «Тіпу десе түкірік жерге түспейтін сақылдаған сары аяздар» басталады. Мұны қазақтар қыс шілдесі деп атайды. 25-желтоқсан мен 5 ақпан аралығындағы қара суық тоқырау кезең осы амал болып табылады.
Бөрі сырғақ. Ақпан айының қысы да ақырып келеді. «Ат құлағы көрінбейтін борандар» осы айларда күш алады. Ай аяғындағы қарлы сырғақ пен қатты боранды күндерде қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады. Көпті көрген көнекөздер бұл амалдың «бөрі сырғақ» деп аталуы да осыдан шыққанын айтып отыратын.
Ақпан-дақпан. Ақпан-дақпан амалы өткеннен кейінгі құт айындағы ауа райын түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз деп те атайды. Яғни күннің көзі шуақталып, ашық күндері түс қайта жібіңкіреп тұратын жайын халық осылайша бейнелеген.
anatili.kz