«Жолаушылар тасымалы» АҚ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Астана-Қызылорда»
бағытындағы №89/90 жолаушылар жүрдек пойызын жолға шығарды. 29
желтоқсан күні Астана қаласынан шыққан пойыз 22 сағат 25 минутта
Қызылорда қаласына келді. Облыс әкімі Қ.Көшербаев бастаған
сырбойлылықтар жүрдек пойыздың алғашқы жолаушыларын үлкен қошеметпен
қарсы алды.
– Елбасы көлік инфрақұрылымына аса үлкен мән беріп отыр. «Жезқазған
– Сексеуіл» темір жолы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік
дәлізінің салынуы осы сөзіміздің дәлелі. Бүгін Астанадан Қызылордаға
алғаш рет келіп жатқан жүрдек пойыз жолаушылардың 12 сағатын үнемдеуге
мүмкіндік беріп отыр, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
23 вагоннан тұратын пойыз 4 күнде 1 рет қатынайды. Алдағы уақытта
күнара жүреді. Оның ішінде 2 «Бизнес», 2 «Гранд», 14 «Турист», 2
ресторан және 3 техникалық вагон бар. Пойыз Қарағанды, Сарышаған, Шу,
Жамбыл, Шымкент, Арыс-2, Түркістан станцияларына аялдайды.
Билетті ерте сатып алғандарға және тұрақты жолаушыларға жеңілдіктер
қарастырылған. Елорда төрінен бір күнде жеткен жолаушылар пойызда
барлық жағдай жасалғанын айтып, ризашылықтарын білдірді.