2015 жылдан бастап 4 миллион қазақстандықтың зейнетақысы мен жәрдемақылары өседі. Бұл туралы бүгін BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлімеді, деп хабарлайды
BNews.kz тілшісі.
«Зейнетақыны біз 9%-ға көтеріп жатырмыз, инфляциядан 2%-ға жоғары. Қалған барлық жәрдемақылардың барлығын инфляцияның үстінде көтерейін деп жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, 1 қаңтардан баста мүгедектерге берілетін жәрдемақыны 25% пайызға, еңбекақылар да көтерілейін деп жатыр. Жалпы тек әлеуметтік салаға 2015 жылы 1,8 млрд теңге қаралып отыр. Елбасы өз мәлімдемелерінде айтты, төлемдердің барлығы сақталады, қандай да экономикалық жағдайлар болғанына қарамастан. Сондықтан да, жәрдемақы, зейнетақы алушыларымызға біз өз уақытында 1-ші қаңтардан төлейміз деп отырмыз. Бүгін 4 миллион адам үшін барлығын (әлеуметтік төлемдерін – агенттік) қайта есептеп, «делоларын» тігіп, даярлап отырмыз», - деді Т.Дүйсенова.
Естеріңізге сал кетейік, 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетте әлеуметтік көмек пен төлемдерге 5 784,1 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде аталмыш мақсатта 2015 жылы 1 681,6 млрд теңге, 2016 жылы 1 885,5 млрд теңге, ал 2017 жылы – 2 217,0 млрд теңге бағытталмақ. Сонымен қатар, бюджетте мемлекеттің әлеуметтік саладағы жаңа міндеттемелері қарастырылған. Оның жалпы көлемі 2015 жылы 194,1 млрд теңге, ал 2017 жылға 599,7 млрд теңгені құрайды.
Диана ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА