Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Индустрияландыру күні аясындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының «Гран-приін» тапсырды.
Аталған марапатқа Қызылорда облысындағы «Қазгермұнай» БК» ЖШС ие болды.
«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз серіктестіктің жұмысына жоғары баға беріп, сенім артқаныңыз үшін кәсіпорын атынан шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Республикамыздың үздік кәсіпорындарының қатарына ену - үлкен құрмет. Бұл ардақты марапатты алуға біздің ұзақ жылдар бойы тынбай еңбек етіп, табандылығымызбен жетіп отырмыз деп ойлаймын», - деді компанияның бас директоры Медет Кәрім.
Осымен жетінші мәрте өткізіліп отырған байқауға қатысуға ниетті жеке кәсіпкерлік субъектілер санының артуы байқалуда. ҚР Президентінің Жарлығымен жарияланған «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауына биыл қатысуға барлық өңірлерден 584 өтінім берілген. Конкурс өткізіле бастағаннан бері 2,5 мың шағын, орта және ірі кәсіпорындар қатысты. Ағымдағы жылы байқауға қатысуға берілген өтінімдер саны бойынша Қостанай облысы көш бастап тұр.