Қызылордалық полицейлер бақылау камералары арқылы қылмыстың алдын алу жұмыстарын нәтижелі атқаруда. Өйткені облыс орталығының халық көп шоғырланатын жерлері мен тұрғын үй аулаларына орнатылған бейнеқұрылғылар өз тиімділігін көрсетті. Жыл басынан бері бақылау камералары арқылы 148 қылмыстың беті ашылды.
Таяуда қала тұрғыны түс ауа үйінің кіре-берісінде тоналғаны туралы хабарлады. Оны белгісіз біреулер ұрып-соғып, калтасындағы ақшасы және ұялы телефонын ұрлап әкеткен. Ал мына кадрларда қылмыстық оқиға болған маңнан суыт жүрісті азаматтар байқалады. Полицейлер оларды дереу тексеріп, күдікті ретінде қолға түсірді.
Бейнебақылау камералары арқылы тағы бір қылмыстың беті ашылды. Бетіне бетперде киіп, пышақпен қаруланған азаматтар букмекерлік кеңсені тонаған. Тәртіп сақшылары оқиға болған жерден ізін суытуға асыққан күдіктілерді де қолға түсірді.
Жыл басынан бері көшедегі бейнебақылау камералары арқылы 150 қылмыс тексеріліп, 40 мыңға тарта заңбұзушылықтың жолы кесілді. Демек, бұл құрылғылардың қоғамдық тәртіпті қадағалау жұмыстарына көмегі зор.