Жаңақорғандық жас палуан Рахманберді Абдрашит Ресейдің Қазан қаласында Белбеу күресінен өткен әлем чемпионатында 65 келі салмақта қарсылас шақ келтірмей, алтын медальді иеленді.
Әлемнің 22 мемлекетінен келген кіл балуандардың белдесуінде Рахманберді ақтық сында ресейлік спортшының жауырынын жер иіскетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл туралы Жаңақорған аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елімізден барған 10-ға жуық спортшының арасынан жалғыз алтынды иеленген Рахманберді Тәуелсіздік күніне тамаша тарту жасады. Өйткені, бұл дүбірлі дода желтоқсан айының 13-16 күні аралығында өткен болатын.
Айта кетейік, Рахманберді Абдрашит бүгінгі таңда облыс орталығындағы Абылай хан атындағы колледждің 1-курс студенті. Оның алғашқы бапкері Е.Исабаев та шәкіртінің жеңіспен оралатындығына сенімді болғанын айтады. Рахманберді қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы бапкері Б.Қасымбековтың жетекшілігінде жаттығуда.