Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 29-30 қараша күндері Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновті еске алуға арналған қазақ күресінен жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.
Турнирге Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан 1999-2000 жылдары туылған жасөспірімдерден 14 команда 300-ге жуық спортшы қатысты.
Жарыс ұлдар арасында 6 салмақ дәрежесінде (38, 42, 46, 50, 55, 60, 66, +66 келі), қыздар арасында 3 салмақта (40, 45, 55 келі) өткізілді.
Турнирдің мақсаты - Елбасының әр жылғы жолдауында атап көрсетілгендей бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастар және жасөспірімдер арасында ұлттық спорт түрі қазақ күресін дамыту, палуандардың спорттық шеберліктерін арттыру, жастарды достыққа патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу.
Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев пен Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Аңсатов сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Аталмыш турнирден Қызылорда облысының спортшылары 35 жүлдені иеленді. Оның 9-ы алтын, 8-і күміс, 18-і қола медаль.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамота, медаль және ақшалай сыйақымен марапатталды.