Шиелі және Жалағаш ауданында бой көтеретін мия тамырын өсіру және өңдеу зауытына шикізат жеткілікті. Алматыдағы зерттеу институты 10 жылға дейін пайдалануға болатын мия бар деп отыр. Қазіргі уақытта мия тамыры шикізат күйінде шет елдерге жөнелтіліп жатыр. Демек, шикізат түрінде өткізілген мия тамырынан біз ұтылып отырмыз, деп мәлімдеді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Имандосов.
«Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникация орталығында өткен брифингте Мұрат Имандосов жердің астында бір метрге дейін жайылып жатқан тамырды пайдаланғаннан кейін жерді қалпына келтіруге бес жылдай уақыт керек екенін айтты. Әзірге мия тамырын өсіріп және өңдеу зауытын салуды жоспарлап отырған - Қызылорда және Батыс Қазақстан облысы.
«Қазақстанның индустриялық картасы аясында облыста жалпы құны 189,8 млрд теңге құрайтын 26 жоба іске асырылуда. Жобаларды жүзеге асыру барысында құрылыс кезінде уақытша 3186 жұмыс орны және іске қосылғанда 3054 жұмыс орны құрылатын болды. Оның ішінде өңірлік картада құны 137,7 млрд теңге құрайтын 25 жоба бар. Өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген 25 жобаның ішінде бүгінгі күні 15 жоба іске асып, 824 астам жаңа жұмыс орны құрылған», - дейді М.Имандосов.
2015-2018 жылдары индустрияландыру картасындағы құны 150,9 млрд теңгені құрайтын құрылыс, мұнай өңдеу, машина құрастыру, металлургия және т.б. салаларды қамтитын 8 инвестициялық жоба іске қосылып, оның аясында 1672 жаңа жұмыс орыны құрылмақ.