Бүгін Байқоңыр қаласында «Байқоңыр» кешенін пайдалану мәселелері жөніндегі қазақстандық-ресейлік үкіметаралық комиссияның екінші отырысы өтті, деп хабарлады Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Комиссия отырсына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин және Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Жиында Ақай және Төратам кенттерін дамыту және әлеуметтік қолдау, байқоңырлық 6 мектептің қазақстандық білім беру және медициналық қызмет көрсету стандартына көшіру мәселелері қаралды.
«Байқоңырдың 70 мың тұрғындарының 65 пайызы - қазақстандық азаматтар. Бүгінгі күнге дейін білім беру және денсаулық сақтау саласында бірқатар шешілмеген мәселелер болды. Бүгінгі кездесу барысында оң шешімдерге қол жеткіздік. Ең бастысы - қалада Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі қолданылатын болды. Бірлескен жоба әзірленді, ол желтоқсанда екі елдің Президенттерінің кездесуі барысында талқыланады», - деді кездесуде Б.Сағынтаев.
Кездесу барысында тараптар ғарыш айлағында апат туындаған жағдайдағы өзара іс-әрекет, жер учаскелерін пайдалану мәселелері, Байқоңыр қаласының мәртебесі туралы халықаралық келісімге қол қою жайында уағдаласты.
Бұдан басқа, Байқоңыр мен оған жақын орналасқан аумақтардың экологиялық жағдайын жақсарту бойынша бірлескен жоба әзірленді. Жобаны іске асыру желтоқсанда өтетін екі мемлекет басшыларының кездесуінде талқыланатын болады.