Қызылорда қаласында аудандардың өнері мен мәдениет күндерін Арал ауданы бастады. Арал ауданының мәдениет күндері аясында облыстық Н.Бекежанов атындағы драма театрының залында этнографиялық көрме ұйымдастырылды.
Онда теңіз төскейіндегі өңірдің тарихынан сыр шертер суреттер мен түрлі экспонат жұртшылық назарына ұсынылды. Мәдени шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Тарихы тереңге тартқан киелі Арал топырағы талай шайырлар мен дүлдүлдерді өмірге әкелген қасиетті мекен. Аталған драма театрдың сахнасында Аралдың шығармашылық иелерінің «Тербеген ән мен жырдың ақбесігін, армысың, Қызылордам - Ақмешітім» атты гала-концерті өтті.
Концерт шымылдығы «Айбыны асқақ, дәулеті тасқан, айдынды Арал» атты Аралдың кешегісі мен бүгінін суреттеген кинохроникамен ашылды. Одан әрі мәдениет майталмандарының өнерімен жалғасқан шара көрерменге көтеріңкі көңіл-күй тарту етті.