Биыл Қаратау мен Сыр өңіріне атағы шыққан, дүлдүл күйшілердің бірі Әлшекей Бектібайұлының туылғанына 167 жыл. Осыған орай аудандық мәдениет үйінде «Әуезді күйдің құдіреті» атты еске алу кеші болып өтті. Бұл туралы Жаңақорған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кешке аудан әкімі С.Тәуіпбаев, зиялы қауым өкілдері, ауданның құрметті ардагерлері, ҮЕҰ мүшелері мен жастар қатысты. «Әлшекей Бектібайұлы саусағынан саз саулаған дәулескер күйші. Ол сол заманның сыры мен мұңын, зары мен қуанышын, әзілі мен әдебін де жұртшылыққа күй арқылы жеткізген. Күй кие, күй құдірет дегеніміз осы болар шамасы. Ал осы киелі де құдіретті өнердің иесін ұлықтап, мұрасын жетілдіру біздің міндетіміз», - деді өз сөзінде аудан басшысы С.Тәуіпбайұлы.
Одан өзге атақты күйші жайлы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы А.Сопыбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Шермағамбетов күй қағанының өнер баспалдағы мен өмір жолы жайында баяндама жасады. Кеш соңында өмірі де, өнері де өзгеге үлгі болар ұлы күйшінің құрметіне арналған облыстық күйшілер сайысының жеңімпаздары марапатталып, сый-сияпаттар ұсынылды.